Қазақстан Жапониямен төтенше жағдайдың алдын алуда өзара іс-әрекетті нығайтады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қазақстан мен Жапония арасында перспективалы салаларды дамыту, ортақтасып әрекеттесу туралы сөз етті.
— Жапонияның бірлескен кредиттеу механизмі шеңберінде Қазақстанда жаңартылған энергия көзін дамыту екі мемлекеттің мүддесіне сай. Төтенше жағдайлардың алдын алуда іс-әрекетті нығайту жан-жақты талқыланды. Орайлы сәтті пайдаланып, Жапония Үкіметіне су тасқынына қарсы жүйені дамытуға арналған қайтарымсыз көмек көрсеткені үшін алғыс білдіреміз (2 млн долл.), — деді Мұрат Нұртілеу БАҚ алдында мәлімдеме жасап.
Министрдің мәлімдеуінше, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыс жылдан-жылға өркендеп жатыр.
— Бүгінде жүзден астам отандасымыз Күншығыс елінің ең ірі университеттерінде білім алып жатыр. Біз Жапонияның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының Қазақстанда филиалын ашуға жағдай жасауға дайынбыз. Сонымен қатар, Жапониямен іс-әрекеттестікте азық-түлік қауіпсіздігі, өндірістік кооперация, фармацевтика, адам ресурстары және ақпараттық технология сияқты салалар бойынша әлеуеті аса мол. Алдағы уақытта әріптесім Такеши Ивая мырзамен аталған бағыттар бойынша тығыз жұмыс жүргізуге ниеттімін, — дейді ведомство басшысы.
Бүгін Астанаға алғаш ресми сапармен Жапония Сыртқы істер министрі Такеши Ивая келді. Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру жолындағы мәселелер талқыланды.
Айта кетейік, Жапония Семей полигонынан зардап шеккендерге қайтарымсыз грант бөлмек.
Мәлімдеме барысында белгілі болғандай, 2026 жылы «Алматы-Токио» тікелей әуе рейсі ашылады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Президент жыл соңында ресми сапармен Жапонияға баруы мүмкін.
Сондай-ақ Жапония Қазақстанда ірі инвестор елдердің ондығына кіреді.