Кеше қазақстандық жасөспірімдер ширек финалда Жапония командасына 0:2 есебімен жол берді. Жапониялықтар бұған дейін Дэвис кубогында екі рет, 2010 және 2019 жылдары жеңімпаз атанған болатын.
Бүгін Сергей Квактың шәкірттері Қытай Тайбэйін жеңді. Алдымен Дамир Жалғасбай Ванг Йен Чунды 6:0, 6:2 есебімен тізе бүктірді.
Екінші ойында Заңғар Нұрланұлы тамаша жеңіске қол жеткізді. Ол бірінші партияда Чен Куан Чоудан 3:5 есебімен ұтылып жатып, камбэк жасай алды – 7:6 (7:3). Екінші сетте қарсыласын 6:2 есебімен қапы қалдырды.
Осылайша, Қазақстан жасөспірімдері 16 қарашада Франция құрамасымен бесінші орын үшін таласады. Қазақстандықтар әлемнің төрт дүркін чемпионы – Францияны топтық бәсекеде жеңген еді.
Өткен жылы финалдық кезеңге алғаш рет жолдама алған қазақстандық жасөспірімдер үздік ондыққа іліккен еді. Биылғы нәтижесі одан да жоғары болмақ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдер құрамасының әлемнің төрт дүркін чемпионын ұтқанын жазған едік.
Теннистен Қазақстан – Корея матчын Зарина Дияс бастайды.