Қазақстан жасөспірімдер құрамасы шайбалы хоккейден халықаралық турнирде топ жарды

Фото: ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан жасөспірімдер құрамасы шайбалы хоккейден Астанада өткен Eurasia Jastar Cup халықаралық турнирінде жеңіске жетті.

Шешуші матчта қазақстандық команда Ресейдің U16 жасөспірімдер құрамасымен кездесті. Бұған дейін қос команда да Беларусьтің U17 құрамасы мен Ресейдің әйелдер құрамасын екі реттен жеңген болатын. Қазақстандық хоккейшілер Беларусь командасын 3:0 есебімен, ал Ресейдің әйелдер құрамасын 9:4 нәтижесімен қапы қалдырды. Ал Ресей құрамасы бұл қарсыластарын тиісінше 2:1 және 10:0 есебімен жеңді.

Финалда қазақстандықтар алғаш болып есеп ашты. Қарсылас команда таразы басын теңестіргенімен, айдын иелеріне қайтадан алға шығу үшін небәрі 10 секунд жеткілікті болды. Екінші кезеңде Таир Бигаринов есепті 3:1-ге жеткізсе, үшінші кезеңде ол хет-трик жасап, матчтың нүктесін қойды - 4:1.

Осылайша, үш матчтың үшеуінде де жеңіске жеткен Қазақстан құрамасы турнирдің жеңімпазы атанды.

Бұдан бұрын қысқы Олимпиада аясында өтуі тиіс әйелдер арасындағы Финляндия мен Канада құрамаларының ойыны норовирус індетінің анықталуына байланысты кейінге қалдырылғанын жазған едік.