АСТАНА. KAZINFORM — Таиландта 21 жасқа дейінгілер арасында жағажай волейболынан Азия чемпионаты мәресіне жетті.
Қазақстандықтар Клим Рюхов пен Владислав Мастихин өз тобынан екінші орынмен плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Қазақстандық жұп 1/8 финалда Жаңа Зеландияны 2:0 (21:11, 21:16) есебімен тізе бүктірді. Содан кейін ширек финалда аса тартысты ойында Қытайдың екінші жұбынан басым түсті (29:27, 32:30).
Жартылай финалда камбэк жасап, Таиландтан 2:1 (18:21, 21:11, 16:14) есебімен айласын асырды.
Финалда жарыстың фавориті саналған Қытайдың бірінші жұбын 2:0 (21:19, 21:16) есебімен тізе бүктірді.
Осылайша, Қазақстан жағажай волейболы тарихында 21 жасқа дейінгілер арасында алғаш рет Азияда үздік шықты.
Сонымен қатар Клим Рюхов пен Владислав Мастихин Мексикада өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан ерлер құрамасының Бахрейндегі Ұлттар кубогынан тыс қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).