Қазақстан жазушылары кезектен тыс Президент сайлауының өтуін қолдайды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Жазушылар одағы ғимаратында Президенттің кезектен тыс сайлауына қатысты жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыс барысында одақ мүшелері, зиялы қауым өкілдері Мемлекет басшысының үндеуіне байланысты өз пікірлерін ортаға салды.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет зиялы қауым өкілдерінің пікірі қоғам үшін маңызды екендігін айтты.

«2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы үндеу жарияланды. Бізге тұрақты президент керек. Ел ішіндегі, ел сыртындағы тұрақтылық үшін, ішкі-сыртқы саясат ары қарай үйлесімді дамуы үшін бұл сайлау қажет екенін түсініп отырмыз», - деді Ұлықбек Есдәулет.

Жазушы, сыншы Марал Ысқақбай президент сайлауының кезектен тыс өткізілуі қажеттіліктен туып отыр деп санайды.

Белгілі жазушы, драматург Дулат Исабековтің айтуынша, бұл - ел тарихындағы үлкен оқиға.

Айта кету керек, Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлығын жария етті.

Жарлыққа сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін болды.

Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудың ашық, әділ өтетініне өзі кепілдік беретінін айтты.

«Қазақстан - демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл - менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.