— Еліміздің жерасты су әлеуеті әлі де толық пайдаланылмай келеді. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, Қазақстандағы бекітілген жерасты су қорлары тәулігіне 43,2 млн текше метр болса, нақты пайдаланылатын көлемі шамамен 1,5 млн текше метр ғана. Бұл бекітілген қорлардың небәрі 3,5 пайызы. Әсіресе, су тапшылығы байқалатын өңірлерде жерасты суларын ауыл шаруашылығы мен елді мекендердің қажеттіліктеріне тиімді пайдалану мәселесі өзекті. Сонымен қатар, 2026 жылғы мәлімет бойынша елімізде иесіз, авариялық және өздігінен төгілетін 2256 гидрогеологиялық ұңғыма бар. Олардың уақытылы жойылмауы немесе тиісті тәртіппен консервацияланбауы су ысырабына алып келеді және қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін, — деді Бота Елеусізова.
Бұдан бөлек, жерасты суларының мониторингін жетілдіру, гидрогеологиялық деректерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіру және нақты су алу көлемін бақылау мәселелері де жүйелі шешімді талап етеді.
— Осыған байланысты ҚР Үкіметінен жерасты су қорларын өңірлер бөлінісінде түгендеп, олардың нақты пайдаланылуына және игеру мүмкіндігіне кешенді талдау жүргізуді сұраймыз. Иесіз және авариялық ұңғымаларды жою мен консервациялау жұмыстарын жеделдетіп, олардың бірыңғай цифрлық тізілімін қалыптастыру керек. Жерасты сулары мониторингін жаңғыртып, геологиялық және гидрогеологиялық деректерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіру маңызды. Ауыл шаруашылығында жерасты суларын пайдалану лимиттерін ғылыми негізде белгілеп, нақты су алу көлемін цифрлық есепке алу мен оған бақылау енгізу қажет. Сонымен қатар, жерасты су қорларын барлау және бағалау жұмыстарына бөлінетін бюджет қаражатының тиімділігіне талдау жүргізуді сұраймыз, — деді депутат.
Бұған дейін елімізде жерасты суларын басқарудың жаңа тұжырымдамасы қабылданатынын жазған едік.