«Ішкі істер министрлігінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, «Қазавтожол» ұлттық компаниясының, еліміздің бірқатар салалық жоғары оқу орындарының өкілдерімен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ведомствоаралық семинар-кеңес өтті. Автомобиль жолдарының қауіпсіздігін арттыру мақсатында ІІМ мамандары шетелдік озық тәжірибені зерттеп, Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының жолдарында пилоттық жобаны іске қосуды ұсынды», - деді ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз онлайн брифингіде.
Оның айтуынша, озық техникалық шешімдер шынайы өмірде тестіленіп, қазақстандық жолдардың ерекшеліктеріне бейімделеді. Олардың ішінде – проекциялық және интеллектуалды жаяу жүргіншілер жолы, баламалы жол белгілері, соның ішінде көлемді 3D формат, интерактивті жол белгілері және т.б. бар.
«Ішкі істер органдарының статистикасы бойынша, жыл басынан бері 3 айда республикада 2 621 жол-көлік оқиғасы болды, онда 363 адам қаза тауып, 3 605 адам жарақат алды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қаза болғандар саны 11,7%-ға өскен. Жол-көлік оқиғаларының басты себептері – жылдамдықты асыру, қарсы жолаққа шығу және жол қиылыстарынан өту кезіндегі жүргізушілердің ереже бұзуы болып отыр», - деді ресми өкіл.