Құжатқа сәйкес, бұл қызметпен Қазақстан Республикасының азаматтары ғана айналыса алады. Ол үшін қызметінің басталғаны туралы eLicense.kz порталы арқылы хабарлама жолдауы қажет. Осы хабарлама негізінде туризм саласындағы уәкілетті орган гидтердің, экскурсия жетекшілерінің және туризм нұсқаушыларының мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізеді.
Тізілім Туризм және спорт министрлігінің ресми сайтында, сондай-ақ ішкі және келу туризмін дамыту мақсатында Үкімет құрған ұйымның ресми интернет-ресурсында жарияланады.
Туристік қызмет туристпен жасалған шарт негізінде көрсетіледі. Шартты рәсімдеу үшін турист өзі және шарт жасалатын басқа адамдар туралы мәлімет береді.
Сапар басталғанға дейін кемінде үш күн бұрын гидтер, экскурсия жетекшілері және туризм нұсқаушылары туристерге сапардың ерекшеліктері туралы жазбаша ақпарат беруге міндетті.
Атап айтқанда, олар туристерді баратын елге немесе өңірге кіру және онда болу тәртібімен, жергілікті заңнамамен, халықтың салт-дәстүрімен, діни ерекшеліктерімен, табиғи, тарихи және мәдени мұра нысандарымен, қоршаған ортаның жай-күйімен, сондай-ақ сапар барысында туындауы мүмкін қауіптер туралы алдын ала хабардар етуі тиіс. Бұдан бөлек, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті шараларды қабылдауға міндетті.
Егер турист төтенше жағдайға тап болса, гид, экскурсия жетекшілері немесе туризм нұсқаушысы бұл туралы бір жұмыс күні ішінде туризм саласындағы уәкілетті органға, азаматтық қорғау органдарына және туристің отбасы мүшелеріне хабарлауға міндетті. Егер зардап шеккен адам шетел азаматы болса, бұл жөнінде дипломатиялық өкілдіктерге де хабар беріледі.
Өмір мен денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін маршруттар бойынша сапар ұйымдастырылған жағдайда гидтер мен туризм нұсқаушылары туристен ықтимал қауіптер туралы хабардар болғанын растайтын келісім алуға міндетті.
Жаңа қағидада гидтердің, экскурсия жетекшілерінің және туризм нұсқаушыларының міндеттері де нақты ажыратылған.
Гидтер мен туризм нұсқаушылары туристің сапарға дайындалуына және маршрут бойымен жүруіне байланысты ұйымдастырушылық қызмет көрсетеді, сондай-ақ оның басқа қызметтермен өзара байланысын үйлестіреді. Бұл ретте олар туристік өнімді қалыптастырумен, жарнамалаумен және сатумен айналыспайды.
Ал экскурсия жетекшілері туристер уақытша болатын жерде туристік нысандарға танымдық экскурсиялар ұйымдастырады. Мұндай экскурсиялар туристерді орналастыру немесе түнеу қызметін қамтымайды және ұзақтығы 24 сағаттан аспайды.
Бұйрық 2026 жылғы 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда гидтердің кәсіби мәртебесін растайтын QR-коды бар электронды бейдж енгізілгені хабарланған болатын. Бейдж арқылы турист маманның ресми тіркелгенін тексере алады.