21 ақпан – Бүкіләлемдік гидтер мен экскурсия жүргізушілер күні
АСТАНА. KAZINFORM — 21 ақпан – гидтер мен экскурсия жүргізушілерінің кәсіби мерекесі. Бұл күн тек туризм саласының мамандарының еңбегін бағалаумен шектелмей, кәсіби деңгей мен қызмет сапасына қатысты өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді.
Гид пен экскурсия жүргізуші: қызметтік айырмашылық неде?
Көп жағдайда «гид» мен «экскурсия жүргізуші» ұғымдары бірдей деп есептелсе де, тәжірибелі экскурсия жүргізуші Ардақ Мұқышбаева олардың міндеттері әртүрлі екенін айтады.
Гид туристерді белгілі бір маршрут бойынша алып жүріп, сапардың ұйымдастырушылық жағына жауап береді. Ол – туристің елмен алғашқы байланыс орнататын тұлғасы. Ал экскурсия жүргізуші тарихи-танымдық мазмұнға басымдық беріп, нысандар туралы терең әрі жүйелі ақпарат ұсынады.

– Жақсы гид пен экскурсия жүргізуші қонақ үшін ұмытылмас әсер қалдыруы тиіс. Турист тек ақпаратты емес, эмоцияны да іздейді, – дейді Ардақ Мұқышбаева.
Сұраныс бар, бірақ сапа әркелкі
Соңғы жылдары ішкі туризмнің дамуы гидтерге сұранысты арттырғанымен, нарықтағы мамандардың кәсіби деңгейі әртүрлі. Ардақ Мұқышбаева жоғары деңгейлі гид болу үшін тек диплом жеткіліксіз екенін атап өтті. Филология, тарих, мәдениеттану, туризм және өнертану саласындағы білім үлкен артықшылық болып саналады. Сонымен қатар арнайы мамандандырылған курстардан өту міндетті. Мұндай курстарда сөйлеу техникасы, туристік қызметтің құқықтық негіздері, маршрут құрастыру және аудитория психологиясын меңгеру үйретіледі.
– Мен 10 жыл бұрын 7 айлық «Гид-аудармашылар мен экскурсия жүргізушілер мектебін» аяқтадым. Сол тәжірибе кәсіби деңгей қалыптастыруда шешуші рөл атқарды, – дейді ол.
Сонымен қатар ол практикалық қиындықтарға тоқталды. Мәселен, Астанада сапалы автобустар жеткіліксіз, бағасы қымбат (сағатына 15 000 теңгеден жоғары), кей көліктерде микрофон мен дыбыс жүйесі ескірген. Өңірлерде жол бойындағы санитарлық тораптар мен тамақтану орындарының тапшылығы сезіледі.
Кәсіби мәртебе: бейдж нені өзгертеді?
Салада кәсібилікті арттыру бағытында нақты тетіктер де енгізіліп жатыр. Kazakh Tourism ұлттық компаниясы гидтердің кәсіби мәртебесін арттыру үшін QR-коды бар бейдждерді енгізді. Бұл бейдж e-Guide цифрлық жүйесінде маманның ресми мәртебесін растайды, турист QR-код арқылы гидтің тіркелгенін тексере алады. Сонымен қатар бейдж иелері ел бойынша бірнеше туристік нысанға жеңілдікпен немесе тегін кіру мүмкіндігіне ие.
– Қазіргі таңда онлайн форматта бейдж алу мүмкіндігі бар, бірақ тест сұрақтары мен ақпарат толтыру кәсіби мәртебе беру үшін жеткіліксіз. Арнайы аттестация өткізілгені дұрыс болар еді, – дейді Ардақ Мұқышбаева.
Мұражай тәжірибесі: атмосфера мен ұлтық нақыш
АЛЖИР мемориалды мұражай кешені өкілі Гүлнұр Төлепбергенова мұражай гидтеріне қойылатын талаптың өзіндік ерекшелігі бар екенін айтады.
Оның сөзінше, мұражай гидтері тарихи ақпаратты жай баяндап қана қоймай, сол кезеңнің рухын жеткізе білуі тиіс.

— Гидтер көбіне тарих немесе филология маманы болғаны дұрыс. Әдеби тілде сауатты сөйлей білуі, экскурсия мәтінін кәсіби түрде дайындауы – басты талап. Сонымен қатар келушілерді ұлттық нақыштағы киіммен қарсы алып, музейге кірген сәтте күй немесе қобыз үні қосылса, экскурсия әсері одан сайын күшейеді. Біздің өнеріміз бен салт-дәстүріміз экскурсия барысында тек айтылып қана қоймай, сезілуі керек, – дейді Гүлнұр Төлепбергенова.
Оның сөзінше, музейде гидтерді іріктеу кезінде сөйлеу мәнері, келбеті және экскурсия мәтініне дайындық деңгейі басты критерий болып табылады. Белгіленген талапты жоғары деңгейде орындаған үміткер ғана қызметке қабылданады.
Қазақстандағы сұраныс пен кәсіби даму
Соңғы жылдары ішкі туризмнің дамуы мен халықаралық бағыттардың кеңеюі гид қызметіне сұранысты арттырды. Ардақ Мұқышбаева атап өткендей, әсіресе Астана, Алматы және Түркістан қалаларында кәсіби гидтерге қажеттілік жоғары.
– Шет тілін меңгерген мамандарға сұраныс жетіспейді. Ағылшын, қытай, түрік, корей тілінде еркін сөйлейтін гидтер ерекше сұранысқа ие. Сондай-ақ аудиогид жүйелері мен цифрлық технологияларды пайдалану да маңызды, – дейді ол.
Сұраныстың артуы нарықтағы бәсекелестіктің күшеюіне алып келеді, сондықтан табысқа жету үшін гидтің кәсіби деңгейі жоғары болуы шарт.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, гид тек табыс көзі емес, мәдени дипломатия құралы. Турист елден алған әсерін өз ортасында бөліседі, ал сол әсердің сапасы гидтің кәсібилігіне байланысты. Бүкіләлемдік гидтер күні – тек мерекелік дата емес, осы мамандықтың жауапкершілігін еске салатын күн. Ал нарықтағы шынайы өзгеріс кәсіби талаптың күшеюінен басталатыны анық.
Айта кетейік, осыған дейін гидтер мен экскурсия жетекшілерінің II елордалық форумы өткені жайлы жаздық.