Елімізде 200-ге жуық ауыл ауызсумен қамтамасыз етілді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 200-ге жуық ауылға орталықтандырылған ауызсу жүйесі тартылды. Бұл ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмысын қалай өзгерткені Jibek Joly телеарнасында көрсетілген «Қайтарылған болашақ» деректі фильмінде баяндалды.

Фото: Алматы әкімдігі

Солардың бірі – Ақмола облысындағы Садовое ауылы. Мұнда тұрғындар 30 жылдан астам уақыт бойы орталықтандырылған ауызсу жүйесінсіз өмір сүрген. Суды тасып әкеліп, ыдыстарға жинап, үнемдеп пайдалануға мәжбүр болған. Тіпті кір жуу үшін туыстарының үйіне баратын кездері де болыпты.

– Мен бұл ауылға 1991 жылы көшіп келдім. Ол кезде су мұнарасы бар еді, су да болатын. Кеңес Одағы тарағаннан кейін бәрі тоқтады. Содан кейін отыз жылдан астам уақыт сусыз отырдық. Былтыр су құбырын тарта бастады. Біздің ауылдағы жұмысты шамамен бір-екі айда аяқтады. Суымыз жақсы, өте жақсы, – дейді ауыл тұрғыны Сулашаш Байғулина.

Садовое ауылының тағы бір тұрғыны Григорий Климов бұрын суды ұңғымадан үлкен ыдысқа айдап жинағандарын еске алды. Алайда бұл тәсіл қолайсыз болған. Жинаған су тіпті түнде таусылып қалуы мүмкін еді. Қазір мұндай қиындықтар артта қалды.

Жаңа су құбыры тартылған соң тұрғындарға бұрынғыдай су жинап отырудың қажеті қалмады. Енді кранды ашса болғаны. Ауыл халқы мұндай мүмкіндікті ондаған жыл бойы күтті.

Мемлекетке қайтарылған активтердің арқасында еліміздегі 200-ге жуық ауыл орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілді. Бұрын суды сатып алып немесе тасып пайдаланған тұрғындар енді оны үйдегі краннан ала алады.

Қайтарылған активтер басқа да инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге көмектесіп жатыр. Атап айтқанда, елімізде денсаулық сақтау, білім беру және спорт нысандары салынып, қолданыстағылары жаңартылып жатыр. Соның нәтижесінде шалғай елді мекен тұрғындары бұрын қол жеткізу қиын болған қызметтерді пайдалана алады.

Айта кетейік, Қазақстанда 2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасы салынады. Сондай-ақ 37 су қоймасы мен 110 гидротехникалық құрылыс қайта жаңғыртылып, 14,5 мың шақырым канал жөнделеді.