Министрдің айтуынша, Digital Qazaqstan стратегиясы аясында геология, өнеркәсіп және құрылыс салаларын цифрландыру бойынша нақты көрсеткіштер белгіленген.
– Өнеркәсіпте еңбек өнімділігінің жыл сайынғы өсімін 7%-ға жеткізу, роботтандыруды дамыту, кемінде 5 отандық интегратор мен 3 құзырет орталығын құру міндеті қойылды. Құрылыс саласында жаңа техникалық жағынан күрделі объектілерде BIM қолдануды кезең-кезеңімен 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр, – деді Ерсайын Нағаспаев.
Оның айтуынша, өнеркәсіптегі цифрландырудың негізгі бағыттарының бірі – еңбек өнімділігін арттыру. Бұл ретте digital twins технологиясы маңызды құрал ретінде қолданылып келеді.
Қазір аталған технология байыту фабрикаларында енгізіліп жатыр. Рудадағы пайдалы компоненттер мөлшерінің төмендеу проблемасын шешу үшін датчиктер мен machine vision технологияларын пайдаланатын digital twins жүйелері қолданылады.
Мәселен, KAZ Minerals компаниясында енгізілген шешім мыс алу деңгейін 2%-ға, ал фабриканың жалпы өнімділігін 7%-ға арттыруға мүмкіндік берген.
Министрдің мәліметінше, геология саласын цифрландырудың негізгі кезеңі де аяқталған. Геологиялық ақпарат цифрлық форматқа көшіріліп, ашық қолжетімділікке шығарылды.
Мемлекеттік қызметтер бірыңғай жер қойнауын пайдалану порталы арқылы көрсетіледі. Аукциондарды цифрлық форматқа көшіру және геологиялық ақпараттың қолжетімділігін арттыру нәтижесінде аукциондардан түсетін кіріс 7 есеге өскен.
– Ендігі міндет – жасанды интеллектіні геологиялық деректерді талдауға және перспективалы учаскелерді анықтауға пайдалану, – деді министр.
Сонымен қатар 2028 жылға дейін геологиялық барлауға тартылатын жеке инвестициялар көлемін 30%-ға арттыру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Қазақстанда энергия ресурстарының шығынын 90%-ға қысқарту жоспарланып отыр.