Қазақстанда 2029 жылға дейін 13,3 ГВт жаңа энергия қуаты іске қосылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан алдағы үш жылда энергетикалық қуатын айтарлықтай арттыруды жоспарлап отыр. 2029 жылдың соңына дейін елде 13,3 ГВт жаңа генерациялау қуаты іске қосылмақ. Бұл электр энергиясына деген сұранысты толық қамтамасыз етіп, энергетикалық жүйеде 20 пайыздық профицит қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл мәселе Құрылтай депутаттары мен энергетика саласының өкілдері қатысқан кеңейтілген отырыста талқыланды.

Коллаж: Kazinform / ЖИ

Астанада Құрылтайдың Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген энергетиканы дамыту жөніндегі тапсырмаларды жүзеге асыру жолдары қарастырылды.

Фото: Құрылтайдың баспасөз қызметі

Отырысқа Құрылтай Төрағасының орынбасары Дания Еспаева, депутаттар, мемлекеттік органдар мен отандық энергетикалық кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Жиынды комитет төрағасы Наталья Годунова жүргізді.

Дания Еспаева Мемлекет басшысы энергетика саласына ел дамуының негізгі бағыттарының бірі ретінде ерекше мән бергенін атап өтті.

Оның айтуынша, энергетикалық ресурстармен жеткілікті қамтамасыз етілу бүгінде мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық дербестігін айқындайтын маңызды факторға айналған.

– Энергетика тұтас экономиканың дамуына тікелей ықпал етеді. Жаңа зауыттарды іске қосу, ауыл шаруашылығын дамыту, сондай-ақ жасанды интеллект жүйелері мен деректерді өңдеу орталықтарының жұмыс істеуі үшін электр энергиясы жеткілікті көлемде болуы қажет, – деді вице-спикер.

Фото: Құрылтайдың баспсөз қызметі

Сондай-ақ ол Президент Жолдауында 2029 жылға қарай электр энергиясын өндіру қуаттарының тұрақты профицитін қамтамасыз ету, Балқаш және Мойынқұм атом электр станцияларын салу жобаларын жеделдету, отандық мамандарды даярлау және технологиялар трансферті секілді нақты міндеттер қойылғанын еске салды.

Қазақстанда энергетикалық қуат 13,3 ГВт-қа артады

Комитет төрағасы Наталья Годунова жаңа электр станцияларын салу, қолданыстағы нысандар мен электр беру желілерін жаңғырту, сондай-ақ электр энергиясын өндірудің әртүрлі бағыттарын дамыту қажеттігін атап өтті.

Оның сөзінше, жасанды интеллект негізіндегі цифрлық экономиканы қалыптастыру үшін электр энергиясының едәуір көлемі қажет. Ал оған деген сұраныс алдағы жылдары тұрақты түрде өсе береді.

Фото: Құрылтайдың баспасөз қызметі

Сондықтан Қазақстанның алдағы бес, он және жиырма жылдағы экономикалық даму әлеуеті бүгін қабылданатын энергетикалық шешімдерге тікелей байланысты.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, бүгінде Қазақстанның энергетикалық жүйесінде 254 энергия көзі жұмыс істейді. Оның 172-сі – жаңартылатын энергия көздері нысандары.

Елдегі энергия көздерінің жалпы белгіленген қуаты 27,1 ГВт-ты құрайды.

2029 жылдың соңына дейін тағы 13,3 ГВт жаңа қуатты іске қосу жоспарланып отыр. Бұл халық пен экономиканың электр энергиясына деген болжамды қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, генерациялайтын қуаттардың 20 пайыздық профицитін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Балқаш АЭС құрылысы 2027 жылы басталуы мүмкін

Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында уранның мемлекеттік стратегиялық резервін құру жоспарланып отырғанын айтты.

Фото: ЖИ

Бұл резерв отандық атом электр станциялары мен ядролық отын циклі саласындағы перспективалы өндірістерді шикізатпен қамтамасыз етуге бағытталған.

Оның мәліметінше, «Балқаш» атом электр станциясы жобасы бойынша инженерлік-іздестіру жұмыстары аяқталуға жақын. Қажетті халықаралық келісімдердің барлығына қол қойылған.

АЭС құрылысын 2027 жылы бастау жоспарланып отыр.

Ал «Мойынқұм» атом электр станциясын салу ауданы анықталған. Қазір жобаға қатысты үкіметаралық құжаттарды әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Энергетика саласындағы өзге де жобалар талқыланды

Кеңейтілген отырыста ірі энергетикалық компаниялардың басшылары да баяндама жасады.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов Қазақстанның атом энергетикасындағы ұзақ мерзімді қажеттіліктерін ескере отырып, уран өнеркәсібі мен ядролық отын циклін дамыту мәселелеріне тоқталды.

«Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Ернат Бердіғұлов АЭС салу жобаларының жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат берді.

Ал «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Ансар Айдаров жаңа генерациялайтын қуаттарды іске қосу жоспарларымен бөлісті. «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесін дамыту мәселелерін көтерді.

Фото: Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтай депутаты Бекжан Әлімқұлов энергетикалық басымдықтарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды.

Оның айтуынша, қазір Құрылтайдың қарауында энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыруға, сондай-ақ баламалы энергия көздерін дамытуға бағытталған екі заң жобасы бар.

Депутат бұл бағыттардың бірін-бірі толықтыратынын атап өтті. Энергия үнемдеу ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік берсе, баламалы энергетиканы дамыту энергиямен жабдықтау мүмкіндіктерін кеңейтіп, энергетикалық жүйенің икемділігін арттырады.

Талқылау барысында депутаттар энергетикалық жүйені теңгерімдеу тетіктері, атом энергетикасында шағын модульдік реакторларды қолдану перспективалары және электр энергиясын жинақтау жүйелерін енгізу мәселелері бойынша сұрақтар қойды.

Сонымен қатар шағын өнеркәсіптік қалалардағы, соның ішінде Шахтинск қаласындағы жылу электр орталықтарын кеңейту мәселесі де қозғалды.

Энергетикалық жобалардың орындалуы бақылауда болады

Отырысты қорытындылаған Наталья Годунова жоспарланған шаралардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету басты міндет екенін айтты.

Оның сөзінше, әрбір жоба бойынша нақты мерзімдер белгіленіп, қаржыландыру көздері айқындалып, жауапты тұлғалар бекітілуі қажет.

Сондай-ақ жобалардың орындалуын бақылау кезінде нысандардың нақты дайындығына, ықтимал кідірістерді уақытылы анықтауға және олардың себептерін жоюға басымдық берілуі тиіс.

– Сонымен қатар заңнамалық кедергілерді жою, заң аясындағы актілердің қабылдануын және жаңа нормалардың нақты қолданылуын қамтамасыз ету қажет. Қолданыстағы өкілеттіктер аясында шешілуге тиіс мәселелер кідіріссіз пысықталуы керек. Комитет осы міндеттердің орындалуын бақылауда ұстайды. Түпкілікті нәтиже айқын, ол – сенімді энергиямен жабдықтау, жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындары, – деп түйіндеді комитет төрағасы.

Айта кетейік, 2027 жылдың соңына дейін АЭС-тердің жеке қажеттіліктері үшін уранның мемлекеттік стратегиялық қоры қалыптастырылмақ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлім етті.