Қазақстанда 3 мыңға жуық педагог-шебер бар

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев елдегі мұғалімдердің нешеуі жоғары санатты педагог екенін айтты. 

– Бүгінде орта білім беру жүйесінде біліктілік санаттары бойынша 104 999 «педагог», 126 688 «педагог-модератор», 95 438 «педагог-сарапшы», 82 632 «педагог-зерттеуші», 2 973 «педагог-шебер» жұмыс істеп жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда педагог-модераторлардың үлесі 7 пайыз, педагог-сарапшылар 2 пайызға, педагог-зерттеуші 1 пайыз өсті, - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ ол мұғалімдерге санат беру процесі автоматтандырылып жатқанын мәлім етті.

– 2025 жылы автоматтандырылған жүйеде «педагог-модератор», «педагог-сарапшы» біліктілік санаттары үшін ғана аттестаттау жүргізілді. Ал «педагог-зерттеуші», «педагог-шеберлер» дәстүрлі форматта, яғни Электронды үкімет порталы арқылы өтті. Осы жылы платформа арқылы барлығы 93,1 мың педагог өтініш берді, - деді Қаныбек Жұмашев.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдердің анонимдік шағымдары неге қараусыз қалып жатқанын айтқан еді.