Оның айтуынша, 2013 жылы ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң жанынан құрылған аталмыш орталық ілкі жоба ретінде ғылыми жобаларға грант бөлген.
«Орталық құрылғаннан бері грант бағдарламасын қолға алдық және Дүниежүзілік банкпен Білім және ғылым министрлігі технологияларды коммерцияландыруға берген гранттарын өз құзіретімізге алдық. Жалпы, болашақта коммерцияланады деген жоспармен бас-аяғы 65 грант бөлдік. Гранттардың жалпы сомасы 5,9 млрд теңгені құрайды. Жұмысымыздың нақты нәтижесіне тоқталсам, қазір осы жобалардың ішінен 35 грант өнімін, болмаса, ғылыми жаңалығын сата бастады. Осы 35 грант коммерциялана отырып, 880 млн теңгенің өнімін сатқан», - дейді Д.Егізбаев.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Дамир Егізбаев бүгін министрліктен грант алған өнертапқыштан ертең өнімі нарықта сатылған кезде қайтарым ретінде ешқандай қаржы талап етілмейтінін мәлім еткен еді. Яғни, орталықтың мақсаты - ғылымның жаңалығын коммерцияландыруға, ертең қаржылай табыс табуына қолдау көрсету. Бірақ, грант беріп, жоба коммерциялық пайда әкеле бастағанда, гранттың қаржысын кері қайтару міндетті емес екенін, бұл мәселе тіпті қаралмайтынын ерекше атап өтті ол. Сонымен қатар, Д.Егізбаевтың айтуынша, осы ғылыми жобалар арасынан 8 адам зияткерлік меншікке қол жеткізген.
Айта кетейік, «Технологияларды коммерцияландыру орталығы» бірнеше күн бұрын ғана Мемлекет басшысы Н.Назарбаев қол қойған «Коммерцияландыру туралы» заңды әзірлеуге көп тер төккен. Д.Егізбаев заңның ең артықшылығы - идея авторларының алдынан шығатын бұрынғы кедергілердің көбі жойылған. Сонымен қатар, жоғарғы оқу орындары үшін коммерцияландыру білім мен ғылымның жанында қатар жүретін қызмет болады деп бекітілген.