Ғылым және жоғары білім министрлі Гүлзат Көбенованың айтуынша, жедел технологиялық және экономикалық өзгерістер жағдайында білім беру жүйесі мен еңбек нарығының қажеттіліктерін үйлестіру үшін Жаңа мамандықтар атластары әзірленді.
Атлас – жай анықтамалық емес, навигациялық құрал: ол қандай мамандықтардың пайда болып жатқанын, трансформацияланатынын немесе жойылып бара жатқанын көрсетеді. Әлемде мұндай құралдарды ЕО, Сингапур және Канада кәсіптік бағдар беру және білім беруді жоспарлау үшін қолданады.
– Жоба еліміздің барлық облыстарын қамтыды. Осылайша 20 өңірлік кадр қажеттілігі картасы әзірленді, 17 форсайт-мектеп құрылды, экономиканың 27 саласы қамтылды, 235 мың мектеп оқушысы кәсіби диагностикадан өтті. Осылайша, біз болашақ талапкерлермен оқуға түскенше, ертерек жұмыс істей бастаймыз, бұл мамандықты саналы түрде таңдауға септігін тигізеді, – деді Г. Көбенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Жобалау және зерттеу жұмыстары барысында 1 000-нан астам жаңа мамандық анықталған. 540-тан астам трансформацияланатын мамандық айқындалған және 385-тен астам жойылып бара жатқан мамандық тіркелген.
– Мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру кезінде осы деректерді пайдалану кадрларды даярлау мен еңбек нарығының сұранысы арасындағы теңгерімсіздікті болдырмауға мүмкіндік береді, – деді Гүлзат Көбенова.
Айта кетейік, OpenAI Қазақстанның 165 мың педагогіне тегін лицензия беретін болды.