Қазақстанда 4,6 мың шақырым су каналы жаңартылады

АСТАНА. KAZINFORM — 2030 жылға қарай 14,5 мың шақырым суару арналарын жаңғырту және бетонмен қапталған желілердің үлесін 18%-дан немесе 8 мыңнан астам шақырымнан 50%-ға дейін немесе 14,5 мың шақырымға дейін ұлғайту жоспарланған. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлім етті.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

2024-2025 жылдары 1,4 мың шақырымнан астам канал реконструкцияланып, жаңғыртылды. Ауыз сумен жабдықтау саласында тағы 22 жоба жүзеге асырылды. Олар шамамен 945 мың халқы бар 321 елді мекенді қамтыды.

Бүгінде 4,6 мың шақырымнан астам каналда жұмыстар жалғасып жатыр. 2026 жылы оның 962 шақырымын пайдалануға беру жоспарланып отыр, бұл шамамен 200 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ету жағдайларын жақсартады.

Сонымен бір мезгілде механикалық тазарту жұмыстарының да көлемі артып отыр. Мәселен, ол 2023 жылғы 678 шақырымнан 2024 жылы 1,1 мың шақырымға, ал 2025 жылы 1,8 мың шақырымға жетті. Соңғы екі жылда мұндағы жұмыстардың орташа көлемі жыл сайын 1,5 мың шақырымды құрады.

2025 жылы Орталық Қазақстанды, соның ішінде Астананы да, сумен қамтамасыз етуде стратегиялық маңызға ие Қ.Сәтбаев атындағы каналды ауқымды реконструкциялау және жаңғырту жұмыстары басталды.

Өзге де ірі жобалардың қатарында Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналын жаңғырту жұмыстары бар. Реконструкция үш кезеңнен тұрады және 33,3 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлерін суаруға мүмкіндік береді.

Сумен жабдықтау нысандарын салу және реконструкциялау жөніндегі тағы 12 жоба шамамен 540 мың адам тұратын 142 ауылдық елді мекен үшін ауыз суға қолжетімділікті жақсартады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу қарқын алғанын жаздық. 2025 жылдың қорытындысында мұндай жүйелер 543,5 мың гектар алқапты қамтып, 874 млн текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік берді.