Қазақстан 874 млн текше метр суды қалай үнемдеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу қарқын алды. 2025 жылдың қорытындысында мұндай жүйелер 543,5 мың гектар алқапты қамтып, 874 млн текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлім етті.

Қазақстан 874 млн текше метр суды қалай үнемдеді
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Ведомствоның мәліметінше, суды үнемдеудің негізгі резерві ауыл шаруашылығында шоғырланған. Бұл салаға жалпы су тұтынудың шамамен 60%-ы тиесілі. Заманауи суару жүйелеріне көшуді жеделдету мақсатында су беру шығындарын субсидиялау және су үнемдеу технологияларына жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу жөніндегі функциялар Су ресурстары және ирригация министрлігінің құзырына шоғырландырылды.

2024 жылы мұндай технологиялармен қосымша 153 мың гектар қамтылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш тағы 154 мың гектарға артты. Орташа жылдық өсім бұрынғы 30-35 мың гектар көрсеткішпен салыстырғанда шамамен 150 мың гектарға жетті.

Су үнемдеу
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

2025 жылдың қорытындысы бойынша су үнемдеу технологиялары қолданылатын егістік жерлердің жалпы аумағы 543,5 мың гектарға жетті, бұл шамамен 874 млн текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік берді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға дейін, ал үнемделетін су көлемін шамамен 2,2 млрд текше метрге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

2026-2028 жылдары су үнемдеу технологияларын қаржыландыру 2023-2025 жылдардағы 55,5 млрд теңгеден төрт есе көп, яғни 228 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады.

— Фермерлердің шығындарын өтеу 80%-ға дейін жоғарылатылды. Бұл заманауи суару жүйелерін кеңінен қолдануға және су шығынын одан әрі азайтуға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Суды заңсыз пайдалануға қарсы күрес шеңберінде Бас прокуратурамен бірлескен судың «қара нарығын» жою жөніндегі жол картасы жүзеге асырылуда. Онда су ресурстарының аудиті, тәуекел аймақтарын анықтау, су шаруашылығы инфрақұрылымына арналған шығыстарды тексеру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қарастырылған.

Заңбұзушылықтар туралы «Судың қара нарығына жол жоқ!» Telegram-боты арқылы жасырын түрде хабарлауға болады. 2025-2026 жылдары 1 мыңнан астам тексеру жүргізіліп, 316 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Ғарыштан жасалған мониторинг нәтижесінде қосымша 472 заңбұзушылық анықталды, олар бойынша да 206 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Айта кетейік, Қазақстанда 42 жаңа су қоймасы салынып, су саласы түбегейлі жаңғырмақ.