Қазақстанда 4,7 млрд тоннаға жуық шартты отыны бар жерлерге геологиялық барлау жобасы жасалған

АСТАНА. KAZINFORM — «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ көмірсутектердің шоғырлану жағдайлары мен қозғалу жолдарын анықтау үшін бес негізгі мұнай-газ бассейні бойынша бассейндік модельдеу жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Үкімет отырысында компания басқарма төрағасы Асхат Хасенов мәлімдеді.

Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Оның айтуынша, көмірсутектерді іздеу процесі жоғары тәуекелмен сипатталатын және кешенді ғылыми-техникалық шешімдерді талап ететін күрделі міндет.

— Осы тәсілдердің арқасында перспективалы учаскелерді болжау дәлдігі артып отыр. Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде 22 геологиялық барлау жобасын қамтитын портфель қалыптастырылды. Оның жиынтық геологиялық ресурстық базасы шамамен 4,7 млрд тонна шартты отынды құрайды, — деді ол.

Сонымен қатар сейсмикалық барлау жұмыстарын жеделдету мақсатында заманауи технологиялар енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, далалық зерттеулерді 20 пайызға дейін жеделдетуге мүмкіндік беретін сымсыз қабылдағыштар, сондай-ақ қолжетімділігі қиын және аз зерттелген аумақтарда жұмыс істеуге арналған электр-магниттік импульстік көздер қолданылып жатыр.

— «ҚазМұнайГаз» ұлттық компания ретінде геологиялық барлау стратегиясын терең қабаттар мен аз зерттелген учаскелерге бағыттап, күрделі жобаларды іске асырып жатыр, — деді Асхат Хасенов.

Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жалпы қаржыландыру көлемі 17,3 млрд теңге ғылыми-зерттеу жобалары кешенін жүзеге асырып жатқанын жазғанбыз.