Қазақстанда 500-ге тарта босқын пана тауып отыр - ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі уақытта Қазақстанда босқын мәртебесін алған 497 адам тұрып жатыр.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР ІІМ Көші-қон полициясы департаментінің басшысы Серік Саинов мәлім етті.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда босқын мәртебесін алған 497 адам немесе 121 отбасы тұрып жатыр. Бұл үдеріс күнделікті даму үстінде. Бірі босқын деп танылып жатса, екіншілері мекендеу қағазын мен азаматтық алып жатады. Жоғарыда айтылған босқындардың ішінде 297 адам Тәжікстан азаматтары, 98 пуштундар, 28 хазарлар, өзбектер және өзге де халықтар», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, босқындарды жұмыспен қамту бойынша кедергілер жоқ. Олардың 90 пайызға жуығы негізінен Алматы қаласында жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Сонымен қатар олар қылмысқа да бара бермейді.