Қазақстанда 78 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі жұмыс істеп тұр

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы 4 жылда түрмедегі адамдардың саны 7 мыңға жуық өсті. Бұл бөтеннің мүлкін ұрлау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, мал ұрлығы және жол-көлік оқиғалары саласындағы заңнаманың қатаңдатылуына байланысты болып отыр. Бұл туралы ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Теңізжан Жәнібеков мәлім етті.

Фото: Pixabay
«Бүгінде елімізде 78 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі жұмыс істейді, онда 37 мыңнан астам сотталған жазасын өтеп жатыр, оның 3 мыңға жуығы әйелдер және 50-ден астам кәмелетке толмағандар. 93%-ы ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталған адамдар. Бұл ретте сотталғандардың 45%-ы бұрын қасақана қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдар», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Фото: ОКҚ

Оның айтуынша, ҚАЖК қоғамның ең күрделі санатымен жұмыс істеп жатыр. Осыған қарамастан, мекемелерде жедел жағдай тұрақты және бақылауда. Қамаудағы әр адаммен психологтар мен мекемедегі әртүрлі қызметтер кешенді жұмыс жүргізеді.