Қазақстанда 89 мыңнан астам азаматтық хал актілеріне өзгеріс енгізілді
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 2023 жылы 89 мыңнан астам азаматтық хал актілеріне өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Kazinform.
Мемлекеттік корпорацияның баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 2024 жылдың қаңтар айының алғашқы онкүндігінде ғана 45 мың адам деректерді жаңартуға өтініш білдірген.
Көбінесе қазақстандықтар отбасының құрамын растау және балалары туралы ақпаратты енгізу үшін түзетулер енгізеді.
2024 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылғаны белгілі.
Еліміздегі барлық балалар бағдарламаға сәйкес жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің бір бөлігін алатын болады. Ата-аналар, қорғаншылар, қамқоршылар eGov.kz порталында азаматтық хал актілеріндегі балалар туралы мәліметтерді тексереді.
«Ақпаратты өзектендіру мүдделі тараптың өтініші бойынша жүзеге асырылады. Тіркеу жазбасы «АХАТ» ақпараттық жүйесінде болған жағдайда қызметті беруші тарап 2 жұмыс күні ішінде өзгерістер енгізеді. Аталмыш ақпараттық жүйеде түзетулер үшін негіз болатындай жазбалар болмаса, қызмет көрсету мерзімі 5 жұмыс күніне дейін ұзартылады.
Қосымша айта кетер болсақ, маңызды хабарламалар мен әлеуметтік қызметтерді уақтылы алу үшін мемлекетті отбасыңыздың құрамы туралы хабардар ету қажет. Толық және дұрыс мәліметтер базасының арқасында, мемлекет бүкіл ел және әрбір аймақ бойынша жеке, нақты демографиялық мәліметке ие болды. Бұл инфрақұрылымды – балабақшаларды, мектептерді, ауруханаларды дамытуды жоспарлауға және әртүрлі әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеуге мүмкіндік береді», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандықтар 2023 жылы ХҚКО арқылы қанша төлқұжат пен жеке куәлік алғанын жазған болатынбыз.