Қазақстанда алаяқтарға SIM-карта сатып отырған 61 адам ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда интернет-алаяқтық схемаларына көмектескен 61 адамның заңсыз әрекеті тоқтатылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай ОКҚ алаңында мәлімдеді.

Фото: Ішкі істер министрлігінен

Оның айтуынша, олар SIM-карталар мен мессенджер аккаунттарын жаппай рәсімдеп, шетелдегі алаяқтық call-орталықтарға сатып отырған.

– «Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 61 «активатор» анықталды. Олар SIM-карталар мен түрлі аккаунттарды тіркеп, интернет-алаяқтықпен айналысқан орталықтарға беріп отырған, – деді Жандос Сүйінбай.

ІІМ мәліметінше, бұл байланыс нөмірлері мен аккаунттар азаматтарды алдау кезінде пайдаланылған.

Сондай-ақ операция барысында заңсыз айналымнан 6,2 мың SIM-карта, 358 банк картасы және арнайы техникалық құрылғылар тәркіленген.

Айта кетейік, бұған дейін Украинада қазақстандықтарды алдаған 3 call-орталықтың жұмысы тоқтатылғаны хабарланған еді.