Бұл туралы Астанада өтіп жатқан TransLogistica Kazakhstan 2026 халықаралық көрмесінде ҚР көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов айтты.
Вице-министрдің мәліметінше, халықаралық жүк тасымалын ұлғайту үшін Қытаймен шекарадағы теміржол станцияларының өткізу мүмкіндігі кеңейтіліп жатыр. Осы бағыттағы ірі жобалардың бірі — Бақты — Аягөз теміржол желісінің құрылысы. Жоба іске асқаннан кейін Қазақстан мен Қытай арасында жаңа теміржол өткелі ашылады.
— Қытаймен шекарада халықаралық жүктерді өткізуге арналған станциялардың мүмкіндігін кеңейту бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар Бақты — Аягөз бағытында жаңа теміржол салынып жатыр. Болашақта осы бағыт арқылы Қытаймен тағы бір теміржол өткелі ашылады, — деді Жәнібек Тайжанов.
Жаңа теміржол желілерін салу және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған. Қытаймен арадағы қосымша өткел халықаралық жүк тасымалына түсетін жүктемені азайтып, тасымал мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді.
Айта кетейік, TransLogistica Kazakhstan 2026 халықаралық көрмесі 14–16 қазан аралығында Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында өтіп жатыр. Биыл оған 20 елден 230 компания қатысуда.