АСТАНА. KAZINFORM — 16-18 қазан аралығында Алматы әлемдік жасөспірімдер паделінің орталығына айналады: Қазақстанда тұңғыш рет Халықаралық падел федерациясы (FIP) аясында халықаралық FIP Promises турнирі өтеді.
Қазақстан падел федерациясынан мәлім еткеніндей, бұл жас қазақстандық спортшылар кезекті жарыс қана емес. Жастар алғаш рет өз корттарында титул үшін таласуға, алыс және жақын шетелдерден келген мықты спортшылармен тайталаста өз күштерін сынап көруге мүмкіндік алады.
FIP Promises — жастар паделін дамытуға бағытталған халықаралық турнирлер сериясы. Мұндай жарыстар жас ойыншыларға тәжірибе жинақтап, халықаралық бәсекелестік деңгейіне бейімделуге, елден тысқары жерлерде өздерін танытуға септеседі.
Қазақстанда осындай деңгейдегі бірінші турнирдің өткізілуі қазақстандық падел үшін маңызды оқиға болып отыр.
Турнир Алматыдағы ADD Padel & Table Tennis Center орталығында өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас паделшілердің Азия рейтингісінде ТОП-6-ға кіргенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).