Қазақстанда алғашқы АЭС құрылысы ресми түрде басталды

Фото: Еламан Тұрысбеков/Kazinform

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысы ресми түрде басталды.

Алматы облысындағы Үлкен ауылының маңында Қазақстан тарихындағы алғашқы атом электр станциясының құрылысын бастау рәсімі өтті.

Фото: Kazinform

Салтанатты шараға ҚР Атом энергетикасы агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев, «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

Фото: Kazinform

Еске салайық, құрылыс алаңына арнайы техника жеткізіліп, сондай-ақ Нововоронеж атом электр станциясының макеті орнатылған. Қазақстанда салынатын станция осы үлгіге ұқсас болады. Макетте көрсетілген № 6 энергоблок — әлемдегі 3+ буынына жататын алғашқы энергоблок.

Фото: Kazinform

Рәсім ұйымдастырылған жерде топырақ сынамасын алу үшін бұрғылау жұмыстары да басталды. Алынған капсуладағы үлгілер Ресей жағына зерттеу жүргізу үшін тапсырылады.

Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысын аяқтау 2035–2036 жылдарға жоспарланған.

Бұған дейін «Росатом» компаниясы Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасы бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде анықталғанын жазған едік.