Қазақстанда апатты тұрғын үйлерді реновациялаудың жаңа тетігі іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді реновациялаудың жаңа нарықтық тетігі іске қосылды. Ол Бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторының кепілдіктері арқылы жеке инвестицияларды тартуға және тұрғындардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өкілінің айтуынша, заманауи урбанизация жағдайында реновациялау бағдарламалары қала құрылысы, сәулеттік даму және инвестиция тарту бағыттарымен өзара сабақтас жүргізілуге тиіс.

— Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, елімізде шамамен 4,2 мың тозығы жеткен және апатты көппәтерлі тұрғын үй тіркелген. Алдын ала бағалауларға қарағанда, апатты және ескі тұрғын үйлердің барлық меншік иесін көшіру үшін шамамен 3,2 трлн теңге көлемінде инвестиция қажет. Осыған байланысты реновациялаудың тиімді тетіктерін іске асыру, жеке инвестицияларды тарту және қалалық ортаны дамытудың заманауи тәсілдерін енгізу құрылыс және урбанизацилау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттерінің біріне айналып отыр, — деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

Осы мақсатта Жер және Құрылыс кодекстеріне, сондай-ақ «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сонымен қатар Бірыңғай оператордың кепілдіктерін пайдалана отырып, реновациялаудың жаңа нарықтық тетігін іске асыратын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер қабылданды.

— Қабылданған түзетулер реновациялауды іске асырудың қосымша нарықтық құралын қалыптастырады. Бұл тетік тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнама аясында Бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторының кепілдіктерін қолдану арқылы құрылыс салушылардың, яғни инвесторлардың қатысу мүмкіндігін көздейді, — деді комитет төрағасының орынбасары.

Оның сөзінше, жаңа тетікті енгізудің негізгі артықшылықтары — Бірыңғай оператордың кепілдігі арқылы тұрғындардың құқықтарын толық қорғау, жеке инвестицияларды ынталандыру, мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайту және тұрғын үй қорын заманауи стандарттарға сай жаңарту.

Сондай-ақ спикер реновациялау жобаларын іске асыруда әкімдіктердің рөлі ерекше екенін айтты.

— Нарықтық тетікті табысты іске асыру үшін әкімдіктер тұрғын үйлерді паспорттау нәтижелері негізінде егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын (ЕТЖ) уақтылы өзектендіруді ескеруі қажет, өйткені қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұрғын үйді реновациялау тек бекітілген қала құрылысы жобалары шеңберінде жүзеге асырылады, — деді Қанат Мыңбаев.

Оның айтуынша, осы тапсырманы орындау мақсатында жергілікті атқарушы органдар 2025 жылы апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу арқылы олардың меншік иелерін 2029 жылға дейін жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі жол карталарын қайта бекіткен.

Айта кетейік, Астанада реновацияға жататын 178 үй бар.