Астанада реновацияға жататын 178 үй бар

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Қоғамдық кеңес отырысында Астана қаласында реновацияға жататын тұрғын үй нысандарының тізбесін бекіту мәселесі қаралды. Бұл туралы Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бастығы Ануар Саипов мәлім етті.

реновация
Фото: Алматы әкімдігі

Оның айтуынша, қазіргі уақытта реновация бағдарламасы аясындағы тізімге 178 көппәтерлі тұрғын үй енгізілген. 2013 жылдан бері бағдарламаны іске асыру барысында 18 мыңнан астам тұрғын көшірілген.

— Бағдарлама үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 2013–2017 жылдар аралығын қамтыды. Осы уақытта 228 апатты үйден 3 529 пәтердің тұрғындары көшірілді. Екінші кезең 2018–2022 жылдары жүзеге асырылды. Бұл кезеңде 54 апатты үйдегі 874 пәтердің тұрғындары жаңа баспанаға көшірілді. Үшінші кезең 2023–2029 жылдарға жоспарланған. Бұл кезеңде 206 апатты үйдегі 4 710 пәтердің тұрғындарын көшіру көзделген. Өткен жылға дейін 59 апатты үйдегі 1 742 пәтердің тұрғындары қоныс аударған, — деді ол. 

Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта жоспар бойынша 178 үйді бекіту қажет. Ал тұрғындарды жаңа пәтерлермен қамтамасыз ету үшін қаржыландыру облигациялық қарыздар есебінен жүргізіледі және қажетті қаражат қарастырылған.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысында реновация бағдарламасымен жаңа қонысқа көшкен отбасымен әңгімелескенін жазғанбыз.

Сонымен қатар Көкшетауда 100 отбасы реновация бағдарламасы аясында жаңа пәтерге ие болды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум