Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде осы апта ішінде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

3 қараша Қанат Есболатов Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары тағайындалды. 

Қанат Болатұлы 1982 жылы туған. Білімі жоғары, 2008 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2002 «Досанов» шаруа қожалығы төрағасының орынбасары болып бастаған.

Әр жылдары Алматы облысы қаржы басқармасының Еңбекшіқазақ ауданы бойынша бір жолғы талондарды беру және есепке алу жөніндегі инспекторы, бас инспекторы, аға инспекторы, «Megaron & K» ЖШС-нің қаржы директоры, Ескелді ауданы Көкжазық ауылдық округінің әкімі, Ескелді ауданы әкімінің орынбасары, Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысы, Жетісу облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымдарын атқарған.

2022 жылдың қыркүйек айынан бастап Жетісу облысы Кербұлақ ауданының әкімі лауазымында қызмет етті.

Апта басында Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен, Президент Әкімшілігінің және қалалық мәслихаттың келісімімен Бостандық ауданының әкімі болып Азамат Қалдыбеков тағайындалды. 

Азамат Қалдыбеков 1984 жылы 11 қазанда туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша тәмамдаған. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Дьюк университетінде (АҚШ, Солтүстік Каролина) құқық магистрі дәрежесін алған. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін қорғаған.

Еңбек жолын 2007 жылы Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық сотында жетекші маман қызметінен бастаған.

Әр жылдары ҚР Ұлттық банкі, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ құрылымдарында жұмыс істеді.

2018 жылы Алматы қаласы әкімі аппаратының бас инспекторы болып жұмыс істеді. 2018 жылы шілдеден 2019 жылы наурызға дейін Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің аппаратының басшысы болды.

2019-2020 жылдары Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары және Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасы басшысының орынбасары лауазымдарын атқарды.

2019 жылы Бірінші президенттік жастар кадрлық резервіне енді. 2020-2024 жылдары Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі болып жұмыс істеді. 2024 жылдан осы уақытқа дейін Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Дүйсенбіде Берікбол Мәндiбаев Алматының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы болды. 

Берікбол Мәндiбаев 1986 жылы 12 наурызда дүниеге келген. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Ұлыбританиядағы University of Exeter оқу орнын тәмамдаған.

Еңбек жолын 2007 жылы Алматы Ішкі саясат басқармасының жетекші маманы ретінде бастаған. Әр жылдары Алматы әкімінің аппараты құрылымында қызмет атқарды.

2017-2024 жылдары бірқатар мемлекеттік орган мен ұлттық компанияда еңбек етті: «Алматы» ӘКК» АҚ, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның Алматы қаласы бойынша өкілдігі, «Тараз» ӘКК» АҚ.

Сонымен қатар ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінде басшылық лауазымдарда болды.

2024 жылдан бүгінге дейін ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры қызметін атқарды.

3 қарашада Сәкен Түкібаев Жетісу облысының Туризм басқармасының басшысы болып тағайындалды. 

Сәкен Түкібаев 1991 жылы туған, білімі жоғары. Қазақстан-Британ техникалық университетін «автоматтандыру және басқару», Ө.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясын «қаржы», Қазақстан Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын «мемлекеттік және жергілікті басқару, өңірлік даму» мамандықтары бойынша бітірген.

Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі.

Еңбек жолын Астана қаласында «МұнайГаз» инжиниринг компаниясы» ЖШС-да инженер болып бастаған.

Кейін Талдықорған қаласындағы «ТАТЭК» АҚ экономисі, Алматы облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы, бөлім басшысы, Қазақстан Ұлттық экономика министрлігі Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаменті директорының орынбасары, Премьер-Министр Кеңсесінің өңірлік даму бөлімінің бас инспекторы, Түркістан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасы басшысының орынбасары, Жетісу облысының Туризм басқармасының басшысы, 2024 жылдың ақпан айынан Жетісу облысы әкімі аппараты басшысы болған.

5 қарашада Қуаныш Дайырбеков Көлік министрлігінің аппарат басшысы болып тағайындалды. 

Қуаныш Рысбекұлы 1978 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.

Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын бітірген.

Еңбек жолын 2000 жылы Астана қаласында «Қазақтеңізкөлікфлоты» Ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы» ЖАҚ инженері болып бастады.

2002 жылы – ҚР Мемлекеттік кірістер министрлігі Өндірістік емес төлемдер департаментінің жетекші маманы.

2002–2013 жылдары – ҚР Қаржы министрлігі құрылымдарында жетекші маманнан басқарма басшысына дейінгі түрлі лауазымда жұмыс істеді.

2013–2016 жылдары – ҚР Парламенті Мәжілісі аппараты Қаржы және бюджет комитетінің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің бас консультанты.

2016–2023 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет бөлімінің консультантынан бастап Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісінің орынбасарына дейінгі түрлі лауазымда қызметтер атқарды.

6 қараша күні Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы лауазымына Берік Әшірбеков тағайындалды. 

Берік Айдарұлы 1986 жылғы 17 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында туылған, қазақ, білімі жоғары.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетін, Қарағанды экономикалық университетін бітірген, мамандығы бойынша біліктілігі - жер кадастры және жылжымайтын мүлікті бағалау және құқықтану.

Еңбек жолын 2005 жылы Созақ аудандық жер кадастр бюросының технигі болып бастаған. 2006-2023 жылдары Шымкент қаласының жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары, Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің орынбасары, Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасының басшысы, Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы, Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы лауазымдарында қызмет атқарған.

2023 жылдың желтоқсан айынан бастап бүгінгі күнге дейін Шымкент қаласы Тұран ауданының әкімі болып қызмет етті.

7 қарашада Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен Гүлжан Жарасова Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. 

Гүлжан Жарасова 1973 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген.

1996–2015 жылдар аралығында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің оқытушысы, зерттеушісі, бөлім бастығы, департамент директоры, кафедра меңгерушісі болып жұмыс істеді.

2015–2016 жылдары – Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Академиялық мәселелер жөніндегі департаменті директорының орынбасары.

2016–2019 жылдары – Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің проректоры, ректордың м.а.

2020 жыл – ҚР БҒМ Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығы директорының орынбасары.

2020–2021 жылдары – Павлодар педагогикалық университетінің Педагогикалық зерттеулер орталығының директоры.

2021–2022 жылдары – ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры.

2005–2007 жылдары – «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» КЕАҚ проректоры-басқарма мүшесі.

2023 жылдың қараша айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР ҒЖБ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды.

Жұма күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен Илья Скуб Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. 

Илья Васильевич 1987 жылы Целиноград қаласында дүниеге келген. Қаржы полициясы академиясын бітірген.

2007-2015 жылдары – ҚР Қаржы полициясы органдарында қызмет еткен, Астана қаласы.

2015-2016 жылдары – «Vasil Sport» ЖШС заңгері, Астана қаласы.

2016-2019 жылдары – «Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы» ММ Арнаулы әлеуметтік қызметтер және әлеуметтік мекемелер қызметін үйлестіру бөлімінің басшысы.

2019-2022 жылдары – «Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» ММ басшысының орынбасары, басшысы.