Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен аптада елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. 10-16 маусым аралығында болған тағайындауларға шолу ұсынамыз.

Апта басында Қуанышбек Бақытбекұлы Есекеев ел Президентінің кеңесшісі лауазымына тағайындалды.

Қуанышбек Есекеев 1975 жылы Алматыда дүниеге келген. әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін қолданбалы математика мамандығы бойынша бітірген, математика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, «Мәлімет» компьютерлік зертханасының меңгерушісі болып бастаған. 1998-2000 жылдары «Қазақойл» ҰМГК» ЖАҚ бөлім бастығы, ақпараттық технологиялар департаментінің директоры, техникалық қызмет көрсету басқармасының бастығы; 2000-2002 жылдары «Қазақстан темір жолы» РМК бас инженерінің кеңесшісі, бас бөлім бастығы, ақпараттық технологиялар департаментінің директоры; 2002-2004 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Ақпараттандыру және инновациялар департаментінің директоры, ҚР Қаржы министрлігі Ақпараттық технологиялар департаментінің директоры болған.

2004-2007 жылдары – ҚР Ақпарат және байланыс агенттігі төрағасының орынбасары; 2006-2007 жылдары – ҚР Ақпарат және байланыс агенттігі төрағасының м.а.; 2007-2010 жылдары – ҚР Ақпарат және байланыс агенттігінің төрағасы; Соңғы жылдары «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы болған.

Қ. Есекеевтің орнына «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы қызметіне бұрынғы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин тағайындалды.

Бағдат Мусин 2004 жылы Сүлеймен Демирел атындағы университетінде «Есептеу техникасын бағдарламалық және техникалық қамтамасыз ету» мамандығын алып шыққан. 2006 жылы Қазақ құқық және халықаралық қатынастар институтын заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2004 жылы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-да бағдарламалық қамтамасыз ету жөніндегі бас инженер болып бастаған.

Ол 2007 жылдан 2020 жылға дейін ҚР Әділет министрлігінде, ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінде, ҚР Бас прокуратурасында түрлі мемлекеттік қызметтерді атқарды. 2014-2016 жылдары Бағдат Мусин «Қазпошта» компаниясын басқарды. Сондай-ақ ҚР Президентінің цифрландыру және инновациялық технологиялар бойынша кеңесшісі болды. Басқа да мемлекеттік лауазымдарда қызмет атқарды. Соңғы бірнеше жылда — 2020 жылдан 2024 жылға дейін — Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметін атқарды. Сонымен қатар жеке компанияларда, оның ішінде корпоративтік венчурлық қорлардың басшысы болды.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары қызметіне азаматтық қорғау полковнигі Ерлан Төрегелдиев тағайындалды.

Ерлан Төрегелдиев 1980 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін және ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтын бітірген. Азаматтық қорғау органдарында қызметін 2005 жылы Курчатов қаласы Төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау бөлімінің инженері лауазымынан бастады.

Ол 2020 жылға дейін Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарындағы ТЖМ бөлімшелерінде жұмыс істеді. 2020 жылдан бастап ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің Мемлекеттік өртті бақылау және өртке қарсы нормалау басқармасын басқарды.

Өңірлерге ойыссақ, Абай облысы Дін істері басқармасының басшысы болып Сейілбек Ысқақов тағайындалды.

Сейілбек Әбиұрұлы Ысқақов 1963 жылы 26 мамырда Семей облысы Шұбартау ауданы Қосағаш ауылында дүниеге келген. Семей зоотехникалық-ветеринарлық институтын «Ветеринария» мамандығы, Орталық Азия университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Семей облысы Шұбартау ауданы Бидайық ауылының «Сарықамыс» қой шаруашылығында бастады.

Ол 1987-1988 жылдары аталған қой шаруашылығының меңгерушісі, 1988-1994 жылдары бригадасының бригадирі болып еңбек етті. 1996-2000 жылдары – ШҚО Аягөз ауданының «Шағырай» ЖШС басшысы болды. 2003-2006 жылдары – ШҚО Аягөз ауданы Бидайық ауылдық округінің әкімі лауазымын атқарған. 2006-2010 жылдары Аягөз ауданы Аягөз қаласының әкімі болып қызмет еткен. Әр жылдары Аягөз қаласы Аягөз ауданы әкімінің орынбасары, Аягөз аудандық мәслихатының хатшысы қызметтерін атқарды. Осы лауазымға тағайындалмас бұрын Абай облысы «AMANAT» партиясы филиалының атқарушы хатшысы болған.

Өскемен қаласының прокуроры болып Тимур Чакпантаев тағайындалды.

Тимур Қайратұлы Чакпантаев 1987 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Өскемендегі Қазақстан-Америкалық еркін университетін «заңгер» мамандығы бойынша, С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды «экономист» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2011 жылы Риддер қалалық прокуратурасында бастаған.

Әр жылдары Риддер қаласы прокурорының көмекшісі, Өскемен қаласы прокурорының көмекшісі, ШҚО прокуратурасының прокуроры, мамандандырылған табиғатты қорғау прокурорының аға көмекшісі, Шығыс Қазақстан облысы прокурорының аға көмекшісі, Глубокое ауданы прокурорының орынбасары, Өскемен қаласы прокурорының орынбасары болып қызмет еткен. Осы лауазымға дейін Ақмола облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры болған.

Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып Қайрат Есенұлы Көшенов тағайындалды.

Қайрат Есенұлы 1984 жылы дүниеге келген. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін «ветеринарлық санитария» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2007 жылы Алматы қаласындағы «Сулпак» ЦРТК» ЖШС-де мерчендайзер болып бастаған.

Әр жылдары ҚР АШМ АӨК МИК Ақмола облысы Еңбекшілдер аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы, Ақмола облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы, бөлім басшысы болды. 2023 жылдың мамыр айынан бастап ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы салаларын дамыту басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметіне Шахмардан Асқарұлы Байманов тағайындалды. Ол қоғамдық даму, мәдениет, дене шынықтыру және спорт, білім, дін және жастар ісі мәселелеріне жетекшілік жасайды.

Шахмардан Асқарұлы Байманов Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «қаржы және қаржылық құқық» мамандығы бойынша бітірген. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің «саясаттану» мамандығы бойынша түлегі, әлеуметтік білім магистрі.

Ол әр жылдары үкіметтік емес ұйымдар мен жастар бірлестіктерінде жоғары басшылық лауазымға дейінгі жолдан өтті. 2012-2017 жылдары Ақмола облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы, республикалық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы болған. 2017-2022 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары, комитет төрағасы лауазымдарын абыроймен атқарған. 2022 жылдың сәуір айынан Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарып келеді.

Сондай-ақ, Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жаңа басшысы тағайындалды. Бұл қызметке Бекболат Шәріпбеков келді.

Бекболат Шәріпбеков 1973 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтын «агроөнеркәсіп салаларын басқару және оның экономикасы» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1990 жылы «Келінтөбе» күріш кеңшарының жұмысшысы болып бастаған.

1999-2010 жылдары Келінтөбе ауылдық округі әкімі аппаратында, Жаңақорған ауданы және Түркістан қаласы бойынша салық комитеттерінде түрлі деңгейдегі лауазымдарда қызмет атқарған. 2010-2018 жылдары Қызылорда облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясының бас маманы-мемлекеттік аудиторы, бөлім басшысы-мемлекеттік аудиторы болған.

2018-2020 жылдары Қызылорда қаласының Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі болса, 2020-2022 жылдары Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы қызметін атқарды. 2022 жылдың шілде айынан бастап осы кезге дейін Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының әкімі қызметіне Мәжит Самитов тағайындалды.

Мәжит Самитұлы 1985 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «заңтану», Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «экономика» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 2007 жылы Қызылорда қаласы прокурорының көмекшісі болып бастаған.

2010-2015 жылдары Қызылорда облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры, аға прокуроры қызметтерін атқарған. 2015-2017 жылдары ҚР Бас прокуратурасының бірінші департаментінің прокуроры, аға прокуроры болған. 2017-2019 жылдары Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары, Қызылорда облысы әкімінің көмекшісі қызметтерін атқарған.

2019-2022 жылдары Президент Әкімшілігі басшысының хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, ҚР Мемлекеттік хатшысы хатшылығының меңгерушісі болды. 2022 жылдың маусым айынан ҚР Мемлекеттік кеңесшісі хатшылығының меңгерушісі саяси қызметін атқарып келді.

Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы ретінде Дархан Дощанов тағайындалды.

Дархан Төлеуұлы Дощанов 1976 жылы туған, жоғары білімді. Инновациялық Еуразия университетін «агрономия» және «құқықтану» мамандықтары бойынша аяқтаған.

Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 2012 жылы Ақтоғай ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы болып бастаған. Әртүрлі лауазымдарда, соның ішінде бөлім басшысы болып қызмет етті. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін 2021 жылдан бастап Ақтоғай ауданы Ақжол ауыл округінің әкімі қызметін атқарды.