Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада еліміздің мемлекеттік басқару жүйесінде, дипломатиялық корпуста және спорт саласында бірқатар маңызды кадрлық ауыс-түйіс болды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Асқарбек Ертаев Қазақстан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды.

Асқарбек Ертаев бұған дейін аталған министрлікте вице-министр және Көші-қон комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Ол банк секторында және Ұлттық экономика министрлігі мен Президент Әкімшілігінде мол тәжірибе жинақтаған маман.

Бұдан бөлек Президент өкімімен Айбек Смадияров Қазақстан Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы лауазымына бекітілді.

Ол 1983 жылғы 7 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.

Еңбек жолын 2005 жылы «Қазақстандағы Қытай банкі» АҚ Әкімшілік департаментінің маманы ретінде бастаған. 2006 жылдан 2008 жылға дейін ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің маманы ретінде қызмет атқарды.

2008-2010 жылдары ҚР СІМ Еуропа департаментінің атташесі және үшінші хатшысы лауазымдарында жұмыс істеді.

2010-2012 жылдар аралығында Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігінде үшінші хатшы қызметін атқарды.

2012 жылдан 2013 жылға дейін ҚР Президентінің Баспасөз қызметінде сарапшы, ал 2013-2014 жылдары ҚР СІМ Сыртқы саяси сараптау мен болжамдау комитетінің бірінші хатшысы лауазымын атқарды.

2014 жылдан 2018 жылға дейін Вьетнамдағы ҚР Елшілігінде екінші және бірінші хатшы қызметінде жұмыс істеді.

2018-2019 жылдары ҚР СІМ баспасөз қызметін басқарып, 2019-2023 жылдар аралығында ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары – баспасөз хатшысы лауазымын атқарды.

2023 жылғы маусымнан бастап ҚР СІМ Коммуникациялар департаментінің директоры – Ресми өкілі болды.

2025 жылы ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы — Ресми өкілі. 

Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева ИКАО-ның (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) Ғаламдық елшісі болып тағайындалды.

Бұл тағайындау ИКАО тарапынан Қазақстан Республикасына көрсетілген жоғары сенімді білдіреді әрі елдің халықаралық азаматтық авиация күн тәртібін ілгерілетуге қосқан үлесінің мойындалуы болып саналады.

ИКАО елшісі ретіндегі қызметінде Салтанат Томпиева азаматтық авиацияны дамытудың негізгі бағыттары бойынша, атап айтқанда авиация саласының орнықты өсуін қамтамасыз ету, білікті авиация мамандарын даярлау және тарту, сондай-ақ саладағы әйелдер мен жастардың қатысуын кеңейту мәселелері бойынша хабардарлықты арттыруға үлес қосатын болады.

Осы аптада отандық спорт әлемінде де елеулі жаңалықтар болды. Қазақстан футбол федерациясы Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне Талғат Байсуфиновтің тағайындалғанын хабарлады.

Оның бастамасымен құрама 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде нәтижелі ойындар өткізіп үлгерді. Атап айтқанда, Қазақстан ұлттық құрамасы Лихтенштейнді 4:0 есебімен жеңіп, Солтүстік Македония (1:1) және Бельгия (1:1) құрамаларымен тең түсті.

Бұған дейін Т.Байсуфинов 2016-2017 және 2020-2022 жылдар аралығында ұлттық құраманың бас бапкері қызметін екі рет атқарды.

Ол сондай-ақ бірқатар отандық футбол клубында бапкер болды. Әр жылдары «Есіл-Богатырь» (Петропавл), «Ақсу», «Ертіс» (Павлодар), «Ақжайық» (Орал) клубтарын басқарып, сондай-ақ Қазақстан жастар құрамасымен жұмыс істеді.

Футболшы мансабында «Ертіс», «Металлург», «Еңбек», «Экибастузец», «Жетісу» және «Восток» клубтарында ойнады.

2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Данияр Қайсанов еркін күрестен Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды.

Бұл туралы федерацияның баспасөз қызметі ресми түрде хабарлады.

Данияр Қайсанов 2017 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетті. 2019 жылы ол әлем біріншілігінде үшінші орынды иеленді.

2020 жылғы Токио (Жапония) Олимпиадасында Қайсанов жүлдеге бір қадам жетпей, қола медаль үшін өткен белдесуде жеңіліп қалды. Сондай-ақ оның еншісінде Азия чемпионатының екі алтын медалі бар.

Еркін күрестен ұлттық құраманың алдағы оқу-жаттығу жиыны ақпан айының алғашқы жартысында Алматы облысында өтеді. 

Алматы облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы болып Ануар Үмбеталиев тағайындалды.

Жаңа ведомство басшысы 1985 жылы дүниеге келген, білімі жоғары. 2007 жылы Қазақ қатынас жолдары университетін бітірген, ал 2017-2019 жылдар аралығында «Қайнар» академиясында «Экономика» мамандығы бойынша білім алған.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, ол кейінгі үш жыл бойы облыстық «Халық шығармашылығы» орталығын басқарып, өңірдің мәдени әлеуетін дамытуға және шығармашылық бастамаларды қолдауға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асырған.

2017-2022 жылдары «Алматы қаласының музейлер бірлестігі» директорының орынбасары, кейін директоры қызметтерін атқарған. 2022-2023 жылдары Алматы облысының музейлер бірлестігін басқарды.