Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM — Осы аптада еліміздің мемлекеттік басқару жүйесінде және өңірлерде бірқатар кадрлық өзгерістер болды. Kazinform 6 сәуір мен 12 сәуір аралығындағы маңызды тағайындауларға шолу ұсынады.

Қазақстан Республикасының көлік вице-министрі қызметіне Дамир Қожахметов тағайындалды.

Дамир Маратұлы Қожахметов 1989 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Куала-Лумпур қаласындағы Азия-Тынық мұхиты ақпараттық технологиялар институтын, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Логистика және көлік корольдік институтын бітірген.

Еңбек жолын 2011 жылы IT-секторда бастаған. Одан кейінгі жылдарда жекеменшік компанияларда басшылық қызметтер атқарып, мұнайгаз, агроөнеркәсіп, энергетика және өзге де салаларда технологиялық бағытарды дамыту, инновациялық өнімдерді өндіріске қосу және операциялық тиімділікті арттыру салаларына жауап берді.

2019–2020 жылдары «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да инфрақұрылымдық және цифрлық жобаларды жүзеге асыруға жетекшілік етті.

2020–2023 жылдары «KTZ Express» АҚ-да басшылық қызметте болып, компанияның цифрлық трансформация стратегиясын жүзеге асыруға және ІТ-функциясын дамытуға жауап берді.

2023 жылдың қарашасынан бастап қазіргі уақытқа дейін «KTZ Express» АҚ-ның бас директоры қызметін атқарды.

Қазақстан Республикасы көлік министрінің бұйрығымен Дастан Жұмақұлов Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалды. 

Ол 1987 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, сондай-ақ Л. Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институтын тәмамдаған.

2008–2013 жылдары көліктік бақылау саласында қызмет етіп, Астана қаласы және Қарағанды облысы бойынша «Сарыарқа» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясында заңгер, өтініштерді қабылдау жөніндегі нұсқаушы, жетекші маман, құқық және кадр жұмысы бөлімінің басшысы лауазымдарын атқарды.

2013–2023 жылдары көліктік бақылау жүйесінде еңбек етіп, Қарағанды облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясында бөлімдердің басшысынан инспекция басшысының орынбасарына дейінгі қызметте болды.

2023 жылдың желтоқсанынан бастап қазіргі уақытқа дейін Талдықорған қаласында ҚР КМ Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің Жетісу облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясының басшысы қызметін атқарды.

Үкімет қаулысымен Ербол Тұяқбаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі қызметіне тағайындалды. 

1992 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. 2013–2018 жылдары — ҚР БҒМ Ғылым комитетінде сарапшысы, бас сарапшысы, басқарма басшысы. 2019–2020 жылдары — «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ БАҚ, «Astana» ӘКК» акционерлік қоғамында қызмет етті.

2020–2023 жылдары — Ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас маманы, басшысы, Инспекторлық және аумақтық жұмыс бөлімінің басшысы, сондай-ақ Астана қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары.

2023 жылғы ақпаннан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Үкіметі Аппаратының Әлеуметтік даму бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

Өңірлер бойынша, Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болып Ғалымжан Спабеков тағайындалды. 

Ғалымжан Спабеков — мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі, мемлекеттік қызметте 25 жылдан астам еңбек өтілі бар.

Ол Теміртау қаласында ұйымдастыру жұмыстары, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы бөлімдерін басқарудан бастап, қала әкімінің орынбасары лауазымына дейінгі еңбек жолынан өткен.

2023 жылдың қазан айынан бастап осы тағайындауға дейін Қарағанды облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары қызметіне полковник Нұрбол Мырзатаев тағайындалды.

Нұрбол Мырзатаев 1979 жылғы 14 ақпанда Шымкент қаласында дүниеге келген. Жоғары кәсіби білімі бар.

Ішкі істер органдарындағы қызметін 1997 жылы бастаған. Сегіз жыл ішінде инспектордан басқарма бастығына дейінгі лауазымдарды атқарған.

2005-2012 жылдары қаржы полициясы органдарында қызмет еткен.

2015-2022 жылдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарында жұмыс істеп, маманнан Департамент бастығының орынбасарына дейінгі лауазымдарда болған.

2022-2026 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігінің Түркістан облысы Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы болып қызмет атқарды.

Ақтөбе облысының Байғанин, Ырғыз, Әйтеке би және Ойыл аудандарына жаңа прокурорлар тағайындалды.

Ақеділ Үсенов Әйтеке би ауданының прокуроры қызметіне тағайындалды. Ол 2023 жылдың мамыр айынан бері Ойыл ауданының прокуроры қызметін атқарған. Ақеділ Үсенов Ақтөбе облысы Шалқар ауданының тумасы. Еңбек жолын Мәртөк ауданы прокуратурасында көмекші, аға көмекші болып бастаған. Әр жылдары Ақтөбе облыстық прокуратурасында және Байғанин аудандық прокуратурасында қызмет еткен.

Байғанин ауданының прокуроры қызметіне Ерлан Бахытов тағайындалды. Ол еңбек жолын 2002 жылы бастаған. Әр жылдары Ақтөбе, Жамбыл және Атырау облыстарында қызмет атқарған. 2023 жылдан бастап осы уақытқа дейін Әйтеке би ауданының прокуроры болып жұмыс істеп, жаңа қызметке ауыстырылды.

Ырғыз ауданының прокуроры қызметіне Бекзат Төреханов тағайындалды. Оны аудан активіне Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары Талғат Әлібаев таныстырды. Ол әр жылдары Маңғыстау, Қызылорда облыстарында және Астана қаласында қызмет атқарған. Биыл ҚР Бас прокуратурасының басқармасында прокурордың көмекшісі болған.

Ойыл ауданының прокуроры қызметіне Рауан Тобықов тағайындалды. Оны аудан активіне Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары Айбек Тағыберген таныстырды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы болып Ержан Қарымсақов тағайындалды.

Ержан Қарымсақов 1980 жылы 23 қазанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы мен 2014 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін экономика және бизнес бакалавры дәрежесі бойынша бітірген.

2001-2005 жылдар аралығында Қызылорда облысы бойынша ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінде түрлі қызметтер атқарды.

2005 жылдан 2013 жылға дейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінде консультанттан бастап бөлім басшысына дейінгі лауазымдарда болды.

2014-2016 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу департаменті басқармасының бас консультанты, 2016 жылдың қаңтарынан 2019 жылға дейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарды.

2019 жылдың тамызынан 2020 жылдың қазан айына дейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары және 2020 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде басқарма басшысы болып еңбек етті.2020-2024 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы болған. 2024-2026 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы болып қызмет атқарды.

2026 жылдың 1 сәуірінен бастап ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы қызметін атқарып келеді.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментіне Дархан Хайруллин тағайындалды.

Дархан Хайруллин Ресейдің Омбы қаласында туған. Жоғары білімді экономист және заңгер.

Еңбек жолын 2002 жылы Ақмола облысы соттар әкімшісінің Көкшетау аумақтық бөлімінде сот орындаушысы болып бастаған. Кейін осы мемлекеттік органда атқарушылық іс жүргізу және сот приставтары қызметі бөлімінде бас маман қызметін атқарған.

2007-2025 жылдары Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері басқармасы мен департаментінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеді.

2025 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары қызметіне ауыстырылды. Ал 2026 жылдың сәуір айынан бастап СҚО бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысы болып тағайындалды. Сонымен қатар, ол өңірлік Әдеп жөніндегі кеңесті де басқарады.

Қазақстанда өткен аптада болған кадрлық тағайындаулар туралы осы сілтеме арқылы оқуға болады.