Қазақстанда АПВ-ға қарсы вакцина 14–17 жастағы қыздарға да салынады

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялауға жататын қыздардың жас санатын кеңейтті.

Фото: Астана әкімдігі

Қазіргі уақытта елде 11 жастағы қыздарды жоспарлы вакцинациялау және 12-13 жастағы қыздарды толықтыра иммундау жалғасып жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 11-13 жастағы қыздарға 398 мыңнан астам екпе салынған. Оның ішінде 248 мыңы бірінші дозаны, 150 мыңы екінші дозаны алған.

Иммундаудан кейін қолайсыз жағдайлар тіркелмеген.

- Сонымен қатар азаматтардан АПВ-ға қарсы вакцинация жасын кеңейту туралы өтініштер түсті. Осыған байланысты ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері 2026 жылғы 13 мамырда 14–17 жас аралығындағы қыздарға қосымша вакцинация жүргізу туралы №7 қаулыға қол қойды. Құжатқа сәйкес, АПВ-ға қарсы вакцина 14 жастан 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыздарға ерікті түрде салынады, - деп жазды министрліктен.

Вакцинация ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен жүргізіледі.

Екпе білім беру ұйымдарының медициналық кабинеттерінде немесе тіркелген жері бойынша емханаларда салынады.

Министрлік қосымша вакцинация қолда бар вакцина қоры есебінен жүргізілетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, адам папилломасы вирусы онкологиялық аурулардың, соның ішінде жатыр мойны обырының негізгі себептерінің бірі саналады.

Бұған дейін елде қызметкердің скринингтік зерттеуден өту тәртібі нақтыланғаны хабарланды.