«Ұлттық республикалық қысқы Универсиаданың арқасында жоғары оқу орындарында спортқа жете мән берілетін болады. Неге? Елімізде 2014 жылы ұлттық студенттік Лига құрылғанын білесіздер. Соның аясында 2014 жылы футзалдан, 2015 жылы баскетболдан жарыстар өткізілді. Биыл волейболдан өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазір елімізде спорт клубтары бар 35-тен астам жоғары оқу орны осы ұлттық студенттік Лига ойындарына қатысады. Егер бұрын олар тек өз студенттерінің күшіне арқа сүйеп келген болса, қазір жас, дарынды спортшыларды өздеріне тарта бастады. Яғни, оларды студент ретінде қабылдап, жарыстарға салады. Сондықтан, біз биыл әрбір жоғары оқу орнында спорт клубтарын құру керектігі туралы бастама көтердік. Солардың негізінде алдағы уақытта көптеген спорт түрлерінен ұлттық студенттік лигалар құралатын болады. Олар кейін студенттік спорт федерацияларына тіркеледі», - деді Т. Балықбаев.
15:09, 03 Ақпан 2016
Қазақстанда әрбір жоғары оқу орнында спорт клубтары құрылатын болады - Т. Балықбаев
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда жақын болашақта әрбір жоғары оқу орнында спорт клубтары құрылатын болады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мәлім етті.