Қазақстанда «Астана» брендімен автобустар шығарылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда автокөліктердің жаңа түрлері өндіріледі. Бұл жөнінде Үкімет отырысында «Астана Моторс» компаниялар тобының төрағасы Нұрлан Смағұлов мәлімдеді.

Фото: Pixabay

— Кәсіпорынның негізгі жобаларының бірі — «Астана» атты өз брендімен автобустар шығару. Бұл автобустарды өндіруде Қытайдың технологиялық серіктестерімен бірлесіп әзірленген, әлемдік жетекші өндірушілердің компоненттері пайдаланылады. Сонымен қатар, автобустардың дизайнын жасауға қазақстандық инженерлер тікелей қатысты. Автобустар Қазақстан аумағында өндіріледі, — деді Нұрлан Смағұлов.

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Оның айтуынша, дизель және газбен жүретін автобустардың сериялық өндірісі биыл қараша айында басталады.

Сонымен бірге BYD компаниясымен бірлесіп жаңа аккумуляторлық батареяларды қолданатын электр көліктерінің желісі әзірленіп жатыр. Ал «Астана» маркалы электр автобустарының өндірісін 2027 жылдың наурыз айында бастау жоспарланып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін биыл елімізде 190 мың автокөлік шығарылатынын жазғанбыз.