Қазақстанда ауыл мектептеріне жаңа міндетті пән енгізілуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын шешу үшін агросыныптарды мектеп бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізу және оқушыларды ерте жастан кәсіби даярлау ұсынылды. Бұл бастама Қазақстан Халық Кеңесінің Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитеті жұмыс тобының отырысында талқыланды.

Фото: Құрылтай

Мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өткен жиында агроөнеркәсіптік кешендегі кадр тапшылығын шешуге бағытталған заңнамалық бастаманы әзірлеу мәселелері қаралды. Атап айтқанда, агросыныптар құру арқылы жаңа білім беру моделін енгізудің құқықтық және практикалық тетіктері талқыланды.

Отырысқа Қазақстан Халық Кеңесінің басшылығымен қатар Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Ауыл шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, сондай-ақ басқа да салалардың өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева ауыл жастарын ерте кәсіптік бағдарлау және даярлау идеясы Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында көтерілгенін атап өтті.

Оның айтуынша, бұл мәселе Қазақстан Халық Кеңесі мүшелерінің Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен өткізген көшпелі кездесулері барысында талқыланған.

2026-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында 10-11-сынып оқушыларына арналған бейінді агросыныптар ашылып, жұмысын бастап кетті.

Қазіргі уақытта пилоттық жоба үш өңірде жүзеге асырылып жатыр. Ақмола облысының үш мектебінде жеті агросынып жұмыс істейді. Қостанай облысының алты мектебінде агросыныптар мен агростудиялар ашылған. Ал Солтүстік Қазақстан облысында жоба бірден жеті ауданды қамтып отыр.

Дегенмен қатысушылар дуальды білім беру, факультативтік сабақтар мен түрлі курстарды ұйымдастыруға бағытталған қазіргі шаралар жеткіліксіз екенін атап өтті.

Осыған байланысты аграрлық бағыттағы білім беруді заңнамалық деңгейде бекіту қажеттігі айтылды. Ұсынысқа сәйкес, бұл бағыт факультативтік сабақ ретінде ғана емес, мектеп бағдарламасына енгізілген толыққанды міндетті пән ретінде оқытылуы тиіс.

Бастамашылар мұндай тәсіл оқушылардың жауапкершілігін арттырып, ауыл шаруашылығы саласына деген қызығушылығы мен ынтасын қалыптастыруға ықпал етеді деп есептейді.

Жобаның негізгі мақсаты туралы бастама авторы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігінің бас директоры Геннадий Зенченко айтып берді.

Оның сөзінше, жоба ауыл мектептерінің оқушыларына жалпы орта біліммен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие практикалық дағдылар мен кәсіби құзыреттерді меңгеруге мүмкіндік беруді көздейді.

– Балалар ересек өмірге дайын болуы керек. Олардың күнделікті өмірде нақты пайдасын тигізетін, болашақта қажет болатын дағдылары болуы маңызды. Бұл бастаманың тәрбиелік мәні де зор. Ол балаларды еңбекке баулып, еңбекқорлыққа тәрбиелейді, дұрыс құндылықтарды қалыптастырады. Сондай-ақ белгілі бір мамандықтың маңызын, қоғамға қажеттілігі мен пайдасын түсінуге жол ашады, – деді Геннадий Зенченко.

Отырысқа қатысушылар жасөспірімдерге жас ерекшеліктеріне қойылатын талаптар мен еңбек жағдайларының қауіпсіздігін қатаң сақтай отырып, жергілікті кәсіпорындарда жұмыс істеуге заңнамалық тұрғыдан рұқсат беру бастамасына да ерекше назар аударды.

Бұл мәселені ауыл тұрғындарының өздері де көтерген. Ата-аналар балаларын жастайынан еңбекке баулып, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруға мүдделі екенін жеткізген.

Қатысушылардың пікірінше, ауыл шаруашылығы еңбегіне тікелей араласу және оның маңызын түсіну жастардың туған жерінде қалып, өз өңірінің дамуына үлес қосуға деген ынтасын арттыруы мүмкін.

Сондай-ақ бұл бастама қалада білім алып жүрген студенттердің оқуын аяқтағаннан кейін туған ауылына оралуына ықпал етеді деген пікір айтылды.

Жиында ауылдық жерлерден көші-қонды тежеу үшін кешенді шаралар қабылдау жөнінде де ұсыныстар көтерілді. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңғырту, еңбек етуге қолайлы жағдай жасау және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мәселелері талқыланды.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов бастаманы жүзеге асыру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен жұмыс берушілердің мектеп оқушыларын кәсіби даярлау үдерісіне қатысуы жөніндегі өз ұстанымын білдірді.

Ол практикалық оқыту мен аттестаттау қорытындысы бойынша тиісті құжаттар беру және жұмысшы біліктіліктерін тағайындау тетігін нормативтік тұрғыдан бекітуді ұсынды.

Бастаманы кешенді жүзеге асыру ауыл жастары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы мүмкін. Атап айтқанда, агросыныптарды бітірген түлектер оқу бағдарламаларын меңгеріп, жұмысшы мамандықтарын игергенін растайтын тиісті құжаттарға ие болады.

Отырыс барысында ұсынылған тағы бір жаңашылдық – бейінді жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер қарастыру.

Сонымен қатар оқушыларға «Автоіс» бағыты бойынша екі жылдық курстан өтіп, емтихан тапсыру және жүргізуші куәлігімен қатар ауыл шаруашылығы техникасын басқару құқығын алу мүмкіндігін беру ұсынылды.

Бастамашылардың пікірінше, бұл агросыныптарды тек кәсіптік бағдар беру құралы ретінде ғана емес, ауыл жастарын бастапқы кәсіби даярлаудың толыққанды жүйесі ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова агросыныптарда мамандар даярлау жұмыстарын колледждер базасында жоғары оқу орындары және бизнес өкілдерімен бірлесіп ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ бұл жұмысқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін тартуға шақырды.

Мұндай тәжірибе бұған дейін де қолданылған. Өткен жылы 2 мыңға жуық мектеп оқушысы негізгі оқуымен қатар колледждерде жұмысшы мамандықтарын меңгерген. Нәтижесінде олар мектепті бірден екі құжатпен – орта білім туралы аттестат және кәсіби білім туралы дипломмен аяқтаған.

Мектеп оқушыларының білім алу және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін басқа да бейінді мемлекеттік органдардың өкілдері қарастырды.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова агросынып түлектерінің аграрлық жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндіктерін кеңейту бағытында қабылданып жатқан шаралармен таныстырды.

Олардың қатарында жоғары оқу орындарына түсудің арнайы шарттары мен мемлекеттік білім беру гранттары бойынша мақсатты квоталар қарастырылған.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы сұранысқа ие мамандықтар тізбесін айқындау және өндірістік тәжірибені ұйымдастыру кезінде агроөнеркәсіптік кешеннің нақты қажеттіліктерін ескеру маңызды екенін атап өтті.

Бұл басымдықтарды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Елдар Күзенбаев та қолдады. Ол жұмысшы кадрларға деген сұраныс, ауыл жастарын кәсіби даярлау және оларды алдағы уақытта жұмыспен қамту мәселелеріне тоқталды.

Жұмыс тобының отырысын қорытындылаған Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева агросыныптар ашу бастамасының аграрлық мамандықтардың тартымдылығын арттыру, агроөнеркәсіптік кешенді білікті кадрлармен қамтамасыз ету және еліміздің ауылдық аумақтарын орнықты дамыту үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Оның айтуынша, мектеп, жоғары оқу орны және жұмыс беруші арасындағы тиімді сабақтастық жүйесін қалыптастыру үшін ведомствоаралық кешенді тәсіл қажет.

Отырыс барысында Ләззат Шыңғысбаеваның жетекшілігімен ведомствоаралық жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.

Оның құрамына Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы Табиғат Зейнұлқабден, салалық ведомстволардың вице-министрлері, өңір әкімдері мен олардың орынбасарлары кіреді.

Жұмыс тобы агросыныптардың қызмет етуінің бірыңғай тетігін бекіту мақсатында нормативтік құқықтық актілерге енгізілетін түзетулерді әзірлейді.

Құжатты дайындау барысында өңірлердің өзіндік ерекшеліктері мен азаматтардың сұраныстары ескеріліп, кейін қарау үшін Құрылтайға жолданады.

Кездесуде айтылған өзге де ұсыныстар мемлекеттік органдармен және сарапшылар қауымдастығымен алдағы бірлескен жұмыстың негізіне алынады.

Айта кетейік, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысының жеті ауданында ауыл шаруашылығына қызығушылық танытқан оқушыларға арналған агросыныптар ашылатыны хабарланған болатын. Жоба аясында оқушылар агрономия, өсімдік және мал шаруашылығы бағыттары бойынша білім алып, өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады.