Вице-министрдің сөзінше, мобильді қосымша зияткерлік меншік саласындағы Бірыңғай цифрлық платформа аясында әзірленіп жатыр.
— Мобильді қосымша арқылы автор мен құқық иеленуші өз туындысының қайда, қашан және қанша рет пайдаланылғанын, одан қанша қаражат жиналғанын және өзіне қанша сыйақы тиесілі екенін көре алады, — деді Ботагөз Жақселекова.
Оның айтуынша, авторлар қажетті мәліметті кез келген уақытта ұялы телефон арқылы қарай алады.
Бірыңғай цифрлық платформа авторлар мен құқық иеленушілерді, олардың құқықтарын басқаратын ұйымдар мен туындыларды пайдаланушыларды бір ортаға біріктіреді. Платформа арқылы шарт жасасуға, туындылардың пайдаланылуын есепке алуға, есеп беруге, сондай-ақ авторларға тиесілі сыйақыны бөліп, төлеуге болады.
Бұған дейін брифинг барысында вице-министр авторлық құқық саласындағы Бірыңғай цифрлық платформа қалай жұмыс істейтінін айтқан еді.