Оның сөзінше, әлеуметтік жобалар бүгінде елдің технологиялық дамуы мен тұрақты экономикалық өсімінің маңызды факторына айналып отыр. Олар экономикалық құндылық қалыптастырып қана қоймай, адами капиталды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ел мен өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
— Сондықтан Gender Index бастамасын дер кезінде қолға алынған әрі өзекті жоба деп санаймыз. Әйелдердің экономикаға қатысу деңгейін, кәсіпкерліктің қазіргі ахуалын және өңірлік даму көрсеткіштерін кешенді бағалауға мүмкіндік беретін аналитикалық платформаның құрылуы мемлекеттік басқару шешімдерінің тиімділігін арттырып, мемлекеттік саясатты жетілдіруге сеп болады, — деді Р. Коняшкин.
Вице-министр бұл жоба бақылау немесе реттеу құралы емес екенін ерекше атап өтті. Gender Index — мемлекетке, бизнеске және сарапшылар қауымдастығына шешім қабылдау кезінде объективті деректер мен дәлелді талдауға сүйенуге мүмкіндік беретін аналитикалық құрал.
Спикердің айтуынша, Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша әлемдегі көшбасшы елдердің бірі саналады.
Қазір Ұлттық банк пен Қаржы министрлігімен бірлесіп кәсіпкерлерге арналған бірыңғай цифрлық кеңістік — eGov Business платформасы дамытылып жатыр. Онда мемлекеттік қызметтер, бизнесті қолдау тетіктері және өзге де цифрлық сервистер қолжетімді.
— Сонымен қатар, елдегі кәсіпкерлік белсенділік пен экономикалық процестерді жан-жақты талдауға мүмкіндік беретін «Бизнес картасы» аналитикалық платформасы да жұмыс істейді. ЖИ технологиялары мұндай талдаудың мүмкіндігін едәуір кеңейтеді. Олар үлкен көлемдегі деректерден заңдылықтарды анықтауға, экономиканың жекелеген салаларының даму үрдісін болжауға және өңірлердегі жаңа өсу нүктелерін айқындауға мүмкіндік береді, — деді ол.
Ростислав Коняшкин министрліктің өңірлік ІТ-кәсіпкерлікті және еліміздегі ІТ-хабтар желісін дамытуға басымдық беріп отырғанын айтты. Оның мәліметінше, бірнеше жыл бұрын іске қосылған IT-Aiel бағдарламасы қыз-келіншектерді бағдарламалау мен цифрлық дағдыларға үйретуде жақсы нәтиже көрсеткен.
— Жалпы, ІТ саласы — тең мүмкіндік қағидаты толық іске асқан бағыттардың бірі деуге болады. Бүгінде қыздар мен әйелдер Қазақстанның стартап экожүйесінің белсенді қатысушыларына айналып, технологиялық компаниялар құрып, инновациялық жобаларды табысты жүзеге асырып келеді, — деді вице-министр.
Вице-министрдің айтуынша, министрлік Gender Index жобасын әзірлеу мен дамытуға цифрлық мемлекеттік инфрақұрылым, электрондық үкімет, мемлекеттік деректер және цифрлық платформалар арқылы жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.
— Мемлекет, халықаралық серіктестер, сарапшылар қауымдастығы және бизнес күш біріктірсе, кәсіпкерлікті дамытуға, адами капиталды нығайтуға және Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қызмет ететін тиімді аналитикалық құрал қалыптастыра аламыз, — деп түйіндеді Ростислав Коняшкин.
Бұған дейін Премьер-министр орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстандағы бизнес субъектілерінің жартысына жуығын әйелдер басқаратынын айтқан еді.
Сондай-ақ Қазақстандағы әрбір төртінші ЖОО-ны әйелдер басқарады.