Қазақстанда айыппұл хабарламалары онлайн тәртіпте жеткізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әкімшілік айыппұлдар онлайн режимде хабарланады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ішкі істер вице-министрі Берік Бисенқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Қанат Мусин қолданыстағы Кодексте ереже бұзған адамға жеті күннің ішінде айыппұлды 50  пайыз жеңілдікпен төлеу құқығы қамтылғанын еске салып өтті. Енді түзетулер аясында бейне камералар мен жылдамдық өлшейтін құралдарымен тіркеу арқылы анықталған жол ережесін бұзу фактілеріне де осындай құқық берілмек.

«Бұл ел азаматтары үшін керек норма және осы түзетуді қолдаймын. Алайда бұл норма тиісті деңгейде жұмыс істемеуі мүмкін деген күдік бар. Атап айтқанда, бүгінде көлік иелерінің шағымдарына сүйенсек, жылдамдық өлшегішпен тіркелген ереже бұзушылық туралы ұйғарым оларға берілмейді. Ал айппұлдар жайында олар тек ХҚКО-ларда немесе сот орындаушыларынан ғана хабардар болады. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі ескерту шараларын қамтамасыз ету үшін қандай қадамдарды қарастырып отыр?», - деп сұрады депутат.

Өз кезегінде Ішкі істер вице-министрі Берік Бисенқұлов бұндай жағдайлар көбінесе көлік иесі өзі тіркелмеген баспанада тұруына байланысты орын алуда. Яғни, жүргізушіге ескерту бағытталғанымен, хабарлама иесін таппайды.

«Алайда уақытша тіркеуге тұру институты енгізілгеннен кейін бұл мәселеге қатысты тиісті шешім жасалды. Көлік иесі тұратын нақты мекенжайды анықтауға мүмкіндік берілді. Осы тұрғыда проблема өз шешімін тапты. Сонымен қатар біз Қазпоштадағы әріптестерімізбен бірлесе тиісті жұмыстарды атқарудамыз және алдағы жылдың соңына дейін екі ақпараттық жүйені интеграциялау бойынша шараларды аяқтамақпыз. Осыдан кейін бізде онлайн режимде ескертулерді жеткізуге жағдай жасалады, сондай-ақ автоматты тәртіпте ескерту жеткізілгені туралы анықтаймыз», - деп түсіндірді Бисенқұлов.

Бұдан бөлек, Әділет министрі Марат Бекетаев жаңа кодексте осы проблемаға байланысты тиісті шешім қарастырылғанын атап өтті.

«Біз қосымша тетікті ұсынып отырмыз, яғни бекітілген тәртіпте құқық бұзушыға ескертілген сәттен бастап қысқартылған өндіріс үшін жеті күндік мерзім қолданылады», - деді министр.