Қазақстанда ажырасудың басты себебі – тұрмыстық зорлық-зомбылық

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда ерлі-зайыптылардың ажырасуына тұрмыстық зорлық-зомбылық, опасыздық және тәуелділіктер негізгі себеп болып отыр. Бұл туралы әлеуметтанушы Жұлдыз Күмісбек Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында мәлімдеді. 

– Ажырасудың басты себептерінің қатарында ең жоғарғы үлес тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тиесілі – бұл 60 пайыздан асады. Ол ерлі-зайыптылар арасындағы немесе балаға қатысты физикалық қысым түрінде болуы мүмкін. Екінші орында – опасыздық. Үшінші себеп – лудомания, нашақорлық, ішімдікке салыну. Әлеуметтік зерттеулер бұл факторларды негізгі себептер ретінде көрсетіп отыр, - деді сарапшы. 

Фото: видеодан алынған скрин

 

Ресми статистикаға сәйкес, ажырасқандардың 35 пайызы 1– 4 жыл, 25 пайызы 5–9 жыл, ал 8 пайызы небәрі бір жыл ішінде некесін бұзған. Сарапшының айтуынша, некені тіркеу процесінің жеңілдігі де ажырасу санына әсер етуі мүмкін.

– Біздің елде үйлену рәсімі өте жеңіл өтеді. 2024 жылы үйлену көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға артқан. Қарапайым Kaspi ұсынысы арқылы да үйленуге шешім қабылдап жатқандар бар. Ал ажырасу – күрделі мәселе ретінде қарастырылғанымен, отбасылық құндылықтар толық сақталмайды немесе өзгеріске ұшырауда, - деді Жұлдыз Күмісбек.

Бұған дейін, биыл 16 қыркүйектен бастап елімізде неке бұзу тәртібі өзгеретінін жазғанбыз.