Қазақстанда балалар үйлерінің тәрбиеленушілері жаппай медициналық тексеруден өтуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда балалар үйлерінің 2 мыңнан астам тәрбиеленушісі заманауи технологиялардың көмегімен тереңдетілген медициналық тексеруден өткізілуде. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап өтілгендей, ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен 2018 жылғы маусым айынан бастап қамқорлықтағы балалардың денсаулығын бақылаудың жаңа форматы енгізілуде. Бүгінде Астана мен Алматы қалаларындағы, сондай-ақ Ақмола, Алматы және Қарағанды облыстарындағы 31 балалар үйіндегі 2 мыңнан астам тәрбиеленуші медициналық зерттеуден өткізілуде. Шара «Асар - Береке» қоғамдық қоры, «Дегдар» гуманитарлық қоры» корпоративтік қоры және «Қазақстан-Ресей медициналық университеті» мамандарының қатысумен қайырымдылық акция шеңберінде ұйымдастырылып отыр.

Тереңдетілген медициналық тексерумен жыл соңына дейін республикадағы барлық балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін қамту жоспарланған.  

«Жоғары білікті дәрігерлер көшпелі медициналық кешендердің көмегімен тәрбиеленушілерді тереңдетілген медициналық зерттеуден өткізуде. Оның шеңберінде балалар мен педагогтар педиатр, офтальмолог, психиатр, хирург және басқа да салалық мамандардан кеңес алуда. Дәрігерлік бригадалар аталған зерттеулерді жыл ішінде республика бойынша балалар үйлерінде жоспарлап отыр. Созылмалы аурулар балалық шақта пайда болатынын ескерсек, медициналық зерттеулердің ерте жаста өткізілуі өте маңызды. Медициналық зерттеулер аурудың асқынуын және оның одан әрі ушығуын болдырмауға мүмкіндік береді. Барлық балалар жүрек-қан тамыр және эндокринді жүйелер, құрсақ қуысы және өзге де ағзалардың зерттеуінен өтті», - делінген министрлік ақпаратында.   

Зерттеулердің нәтижесі бойынша тәрбиеленушілердің денсаулығы туралы ақпарат Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар республикалық деректер қорында көрсетілетін болады.