Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мектеп жасындағы балалардың арасында аурулардың ерте кезеңде алдын алу шараларын күшейтіп келеді.
Министрліктің мәліметінше, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 3,6 млн бала профилактикалық медициналық қарап-тексерумен қамтылған. Тексеру нәтижесінде 302 мың баладан түрлі аурулар анықталып, олардың 119 мыңнан астамы динамикалық бақылауға алынды. Балалардың арасында жиі кездесетін мәселелердің қатарында тіс жегісі, қаназдық және көру қабілетінің бұзылуы бар.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мектеп жасындағы балаларды профилактикалық қарап-тексеру кезінде тіс жегісінің 80 169 жағдайы анықталды.
Бос қанттарды жиі тұтыну — тіс жегісінің дамуына ықпал ететін негізгі тағамдық факторлардың бірі. Сондықтан оның алдын алу тек стоматологқа қаралумен шектелмейді. Бұл — күнделікті дағдылардың жиынтығы: ауыз қуысының гигиенасын сақтау, тәтті сусындар мен құрамында қант мөлшері жоғары өнімдерді тұтынуды азайту, таза ауызсудың қолжетімді болуы және медициналық көмекті уақтылы алу.
2025 жылдан бастап білім беру ұйымдарында балалардың тамақтану рационындағы қант пен тұз мөлшерін азайтуды көздейтін мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты енгізілді.
«Болашаққа сау тіспен» жобасы шеңберінде екі жылдың ішінде стоматологиялық профилактикаға арналған 166 кабинет ашылды. Олардың жұмысы оқушылардың ауыз қуысына күтім жасау дағдыларын қалыптастыруға және стоматологиялық аурулардың алдын алуға бағытталған.
Сонымен қатар профилактикалық медициналық қарап-тексеру жүйесіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдары енгізіліп отыр.
2027 жылдан бастап ата-аналарға балалардың алдағы медициналық қарап-тексерулері туралы SMS-хабарламалар жіберу жоспарланып отыр. Бұл отбасыларға алдын ала ескерту алуға және қажетті тексерулерден уақтылы өтуге мүмкіндік береді.
Балалардың денсаулығына төнетін заманауи қауіп-қатерлер тек медицина саласымен шектелмейді. Тамақтану, дене белсенділігі, ұйқы, психологиялық саулық және баланың күнделікті уақытының едәуір бөлігін өткізетін орта оның денсаулығына тікелей әсер етеді.
Осыған байланысты балалардың денсаулығын сақтау үшін денсаулық сақтау және білім беру жүйелерінің, жергілікті атқарушы органдардың және отбасылардың бірлескен жұмысы қажет.
Бұған дейін әрбір жетінші оқушы күн сайын тәтті газдалған сусын ішкенін жаздық.