«Тағы бір мәселе - балаларды вакцинациялау. Өткен жолы Бас прокурор бастаған жұмыс тобының жұмысы барысында мынадай проблема анықталды - діни себептерге байланысты балаларға вакцинация жасалмауда. Сондықтан менің ойымша, балабақшаға немесе мектепке қабылдар алдында балаларды міндетті вакциянациядан өткізу қажет немесе оның жасалғандығы жөнінде анықтама сұрату керек. Меніңше, халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс аясында осы сұрақты қарастырған дұрыс болады», - деді Бердібек Сапарбаев Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа қаратып айтқан сөзінде.
Еске сала кетейік, биыл өзін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бас гомеопаты ретінде таныстырған Марина Таргакованың адамдарға екпеден бас тарту туралы әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таратылған бейнежазу түріндегі лекциясы Қазақстанда қызу талқыланған болатын. Кейін «бас гомеопаттың» екпеден бас тарту туралы интернетте таратылған ақпарат шындыққа жанаспайтындығын ресми билік жария етті.
Бірақ қазірдің өзінде халық арасында екпе жасату қажет пе, жоқ па деген сауалға дискуссиялар жүріп жатыр.