Қазақстанда биыл 2-6 жас аралығында кезекте тұрған балалар саны екі есеге қысқарды

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде 2025 жылы 2-6 жас аралығындағы балаларды сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамту деңгейі 95,9 пайызға жетті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері хабарлады.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

2019 жылдан бастап елімізде мектепке дейінгі ұйымдар саны 8,6%-ға артып, 10 650-ден 12 мыңға жетті. Бұл ұйымдарда 1 миллионнан астам бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірлерде балабақшаларды іске қосу жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған қадамдық жоспар бекітілген, оның аясында 2027 жылға дейін 300 мың орын пайдалануға берілуі тиіс. 2023 жылдан бастап бүгінге дейін 182 мың жаңа орын ашылды. Биыл өткен жылмен салыстырғанда кезектілік жалпы кезектілік 33,3 %-ға, 2-6 жас аралығында кезекте тұрған балалар саны екі есеге қысқарды, - деді Оқу-ағарту бірінші вице министрі Майра Мелдебекова.

Айта кету керек, балалар үшін тең бастапқы мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, балабақшалар санын арттыру мақсатында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын тұрақты мемлекеттік қолдау жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта бүгінгі таңда барлық мемлекеттік білім беру ұйымы, сондай-ақ жекеменшік балабақшалдардың 90 пайызы мемлекеттік білім беру тапсырысымен қамтылған.

Айта кетейік, 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі аясында 59 862 шот ашылды, оның ішінде бес жастағы 8 046 балаға бастапқы білім беру капиталы төленді. Қараша айының басынан бастап шоттар саны 6177-ге өсті.