Қазақстанда бір грамм алтын қанша тұрады

Фото: Baku.ws

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда алтын бағасы төмендеп жатыр.

Қазақстан Ұлттық банкінің 2026 жылғы 26 наурыздағы деректеріне сәйкес, бір грамм алтынның бағасы 70 647,24 теңгені құрады. Бұл – бір апта бұрынғы көрсеткіштен 6 655 теңгеге төмен. Өткен аптада алтынның бір граммы 77 302,24 теңге болған.

Жалпы, жыл басынан бері алтын бағасы құбылып келеді. Қаңтар айының соңында оның ең жоғары деңгейі тіркеліп, бір грамм 89 002,60 теңгеге дейін жеткен еді. Қазіргі баға сол кезеңмен салыстырғанда едәуір төмендеген.

Бағаның төмендеуі әлемдік нарықта да байқалып отыр. Бұған дейін Таяу Шығыстағы жағдай аясында алтын мен күмістің арзандағаны хабарланған болатын.

Әдетте мұндай геосаяси шиеленіс алтынға сұранысты арттырады. Алайда бұл жолы жағдай басқаша өрбіді. Мұнай бағасына қатысты белгісіздік пен пайыздық мөлшерлемелердің өзгеруі инвесторлардың шешіміне әсер етті. Соның салдарынан күміс бағасы шамамен 40%-ға төмендеді. Ал алтын арзандау үрдісіне өтті.

Осы жағдайдың әсерінен, 23 наурыздағы таңғы сауда барысында алтынның спот бағасы биылғы ең төмен деңгейіне дейін түсіп, бір унциясы шамамен 4 100 долларды құрады.

Айта кетейік, 29 қаңтарда алтынның бір унциясы 5 594,82 долларға жетіп, ең жоғары деңгейге көтерілген еді. Содан бері оның бағасы 20%-дан астамға төмендеді.