31 қазанда елімізде сүт безі обырының алдын алу және оны ерте анықтауға арналған профилактикалық акция ұйымдастырылды. Оның мақсаты – әйелдердің онкологиялық ауруларды уақытылы диагностикалаудың маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыру.
Акция барысында 2 198 әйел дәрігерлердің кеңесін алды. Тексеру нәтижесінде 54 әйелден қатерлі ісікке күдік тудыратын белгілер, 180 әйелден обыр алды жағдайлар анықталды. Тағы 1 618 әйелден басқа да аурулар табылды.
Бірыңғай ашық есік күні аясында барлығы 1 679 диагностикалық зерттеу жүргізілді. Олардың қатарында маммография, сүт бездерінің ультрадыбыстық зерттеуі және басқа да тексерулер бар.
– Мұндай профилактикалық іс-шаралардың басты маңызы — ұзақ уақыт бойы ешқандай белгісіз өтуі мүмкін патологиялық өзгерістерді уақтылы анықтау. Сонымен қатар қатерлі ісікке күдік анықталуы онкологиялық диагноздың расталғанын білдірмейді және қосымша тексеруді қажет етеді. Сүт безі обыры Қазақстандағы әйелдер арасында ең көп таралған онкологиялық аурулардың бірі болып қала береді. Ауруды ерте сатысында анықтау тиімді ем жүргізу және пациенттердің өмір сүру сапасын сақтау мүмкіндігін едәуір арттырады, – делінген ақпаратта.
Акцияға қатысқан әйелдер бейінді мамандарға қаралып, медициналық көрсетілімдер бойынша қажетті тексерулерден өтті. Сондай-ақ оларға денсаулық жағдайын одан әрі бақылауға қатысты ұсынымдар берілді.
Мамандар сүт безі обырының бастапқы кезеңдерінде айқын белгілер байқалмауы мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан шағым болмаған жағдайда да жас ерекшелігі мен медициналық ұсынымдарға сәйкес профилактикалық тексерулерден және скринингтерден тұрақты өтіп тұру маңызды.
Дәрігерлердің айтуынша, ауруды ерте анықтау емдеудің тиімділігін арттырып, пациенттердің өмір сүру сапасын сақтауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, 2025 жылы «Қызғылт қазан» республикалық акциясы аясында 8 мыңнан астам әйел сүт безі обырын ерте анықтауға арналған тексеруден өткен еді. Акцияға еліміздің 20 өңірлік онкологиялық орталығы қатысқан.