Қазақстанда бір күнде бес орман өрті тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — 25 тамызда Қазақстан бойынша бес орман өрті тіркелді. Өрттердің екеуі Батыс Қазақстан облысында, қалғандары «Семей орманы» МОТР, «Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты және «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде болды.

Фото: ТЖМ

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір өрт ошақтарында орман шаруашылығы қызметкерлері мен «Қазавиаорманқорғау» мамандары жұмыс істеп жатыр. Мамандар өртті оқшаулап, оның жақын аумақтарға таралуына және қайта тұтануына жол бермеу шараларын жүргізуде.

— Орман аумақтарындағы өрт қауіпсіздігі әуе және жерүсті патрульдеу арқылы тұрақты бақылауда. Өрт белгілері анықталған жағдайда қажетті күштер мен техника дереу оқиға орнына жіберіледі, — делінген таратылған ақпаратта.

Мамандар тұрғындар мен табиғат аясында демалушыларды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Табиғатта от жаққан кезде оны қараусыз қалдырмай, демалыс орнынан кетер алдында толық сөнгеніне көз жеткізу қажет.

Фото: Gov.kz

Бұдан бұрын Алматыда 16 қабатты тұрғын үйден өрт шығып, 127 адам құтқарылғанын жаздық.