Қазақстанда бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымдамасы әзірленеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Халық Кеңесі жанынан Бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылып, алғашқы отырысын өткізді. Топ мүшелері жалпыұлттық құндылықтарды айқындау, қоғамдық келісімді нығайту және құжатқа енгізілетін ұсыныстарды талқылады. Бұл туралы Халық кеңесінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Фото: Халық кеңесі

Қазақстан Халық Кеңесі жанындағы жаңа Бірлік пен келісім тұжырымдамасының жобасына ұсыныстар әзірлеу мақсатымен құрылған жұмыс тобының ұйымдастыру отырысы өтті.
Бұл жұмыс Мемлекет басшысының Халық Кеңесінің бірінші сессиясында берген тапсырмасына сәйкес жүргізілуде. Халық Кеңесі болашақ құжаттың мазмұнын талқылау, қоғамдық және сарапшылық әлеуетті біріктіру, сондай-ақ ортақ ұстанымдарды келісу үшін негізгі алаңға айналады. Мұндай формат азаматтардың сұраныстарын ескеруге, ғылыми білім мен практикалық тәжірибені ұштастыруға мүмкіндік береді.

Жұмыс тобының құрамына Халық Кеңесінің мүшелері, оның жанындағы «Бірлік» қоғамдық тобының өкілдері, этномәдени бірлестіктер, сарапшылар және ғылыми қауымдастық өкілдері кірді.

Фото: Халық кеңесі

Отырысқа қатысушылар қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту, диалог мәдениеті мен өзара құрметті дамыту мәселелерін талқылады. Бір-бірін тыңдауға, түрлі пікірлерді ескеруге және ортақ шешімдер іздеуге дайын болу адамдар арасындағы сенімді арттырып, ел үшін маңызды міндеттерді талқылауға азаматтардың белсенді қатысуына ықпал етеді.
Жұмыс тобының жетекшісі, Қазақстан Халық Кеңесінің Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік комитетінің төрағасы Марат Әзілханов қоғамды топтастырудың ортақ құндылықтары мен қағидаттарын айқындаудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып, қандай тәсілдерді қайта қарау қажеттігін бағалап, оларды іске асырудың нақты тетіктерін ұсыну қажет.

Марат Әзілханов қоғамды топтастырудың ортақ құндылықтарын айқындау, қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып, бұрынғы тәсілдерді қайта зерделеу және оларды іске асырудың нақты құралдарын ұсыну негізгі мақсат екенін атап өтті.

Фото: Халық кеңесі

— Біздің міндетіміз — түрлі сарапшылық және қоғамдық ұстанымдарды біріктіріп, жаңа Тұжырымдаманың мазмұндық негізіне айналатын ұсыныстар әзірлеу. Біз алдағы уақытта өзіміз, балаларымыз бен немерелеріміз өмір сүретін құжатты дайындап жатырмыз. Тек тәсілдерде ғана емес, жұмыс тетіктерінде де сабақтастықты сақтау маңызды. Әрбір ұсыныстың артында нақты шаралар тұруы тиіс. Бұл әрбір қатысушыға ерекше жауапкершілік жүктейді. „Бірлік“ қоғамдық тобы да осы бағыттағы жұмысын жандандыра түседі, — деді ол.

Сонымен қатар құжатты әзірлеу тәртібі мен кезеңдеріне кеңінен тоқталды.

«Бірлік» қоғамдық тобының жетекшісі Иван Георгиади өз кезегінде Тұжырымдаманы әзірлеуге азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуының маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, бұл құжатты іске асыру, сондай-ақ қоғамда жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету бағытында мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысты жолға қою үшін қажет.
Отырысқа қатысушылар қоғамдық сенімнің негізі ретінде диалог мәдениеті мен өзара құрметті дамыту мәселелерін талқылады.

Фото: Халық кеңесі

Пікірталас барысында жұмыс тобының мүшелері болашақ құжатқа қатысты өз көзқарастарын білдірді. Ұсынылған тәсілдерді Наталья Калашникова қолдап, институционалдық сабақтастықтың маңыздылығына назар аударды.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нәзипа Шанаи, өз кезегінде, өзгерістер қарқыны үдеген қазіргі кезеңде бұрынғы тетіктерді жаңарту қажеттігін, елімізге жаңа мазмұн мен өзара іс-қимылдың заманауи құралдары қажет екенін атап өтті.

Әріптестерінің пікірін Ахмет Мурадов та қолдап, жаңа Тұжырымдама Тәуелсіз Қазақстан дамуының жаңа кезеңін бейнелейтініне тоқталды. Ол жұмыс тобының құрамында болу үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтып, оның қатарына Леонид Прокопенконың да кіргенін айтты. Сондай-ақ Халық Кеңесінің мүшелерімен бірлесіп, терең талдамалық жұмыс жүргізуге баса назар аударуға шақырды.

Марат Әзілханов атап өткендей, жұмыс тобының қорытындысы бойынша барлық ұсыныс жүйеленіп, Тұжырымдаманың түпкілікті жобасын әзірлеу барысында ескеру үшін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Халық Кеңесінде ел бірлігін нығайтуға, мемлекеттік тілді дамытуға, жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және ауылдарды қолдауға бағытталған жаңа жобалар талқыланған болатын.