«Оқырман ұлт», «Цифрлық қамқорлық»: Қазақстанда жаңа қоғамдық жобалар ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Халық Кеңесінде ел бірлігін нығайтуға, мемлекеттік тілді дамытуға, жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және ауылдарды қолдауға бағытталған жаңа жобалар талқыланды. Олардың қатарында «Оқырман ұлт», «Бірлік – нақты істе» және «Цифрлық қамқорлық» бастамалары бар.
Бүгін Қазақстан Халық Кеңесінің Жалпыұлттық бірлік мәселелері жөніндегі салалық комиссиясының отырысы өтті. Жиынға Кеңес мүшелері Марат Әзілханов пен Наринэ Микаелянның төрағалық етті. Отырыс барысында қатысушылар елдегі бірлікті нығайтуға және жергілікті жерлердегі өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бастамалар, ұсынымдар мен жобаларды ұсынып, талқылады.
Отырысты ашқан Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік комитетінің төрағасы Марат Әзілханов түрлі бағыттар бойынша келіп түскен ұсыныстар мен жобаларға тоқталды. Олар ауылдарды қолдау мен мемлекеттік тілді дамыту мәселелерінен бастап, цифрлық сауаттылық, білім беру, мәдениет және жастар саясаты бағыттарын қамтиды. Азаматтардың күнделікті мәселелерін шешуге этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдарды тікелей тартуға бағытталған жобаларға ерекше назар аударылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында әдебиетті насихаттау мен оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бірнеше бастама ұсынылды. Наринэ Микаелян «Шекарасыз халық өнері» жобасын таныстырып, оның аясында мәдениет қайраткерлерімен шығармашылық кездесулер мен шеберлік сабақтарын өткізуді, сондай-ақ этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кітаптарды бірлесіп талқылауға арналған «Кітап оқу сағаты» жобасын ұсынды.
Абдулла Исматуллаев ауыл жастарын кітап оқуға баулуға бағытталған «Оқырман ұлт» жобасын таныстырды. Жоба аясында оқырман клубтарын ашу, жазушылармен кездесулер өткізу және кітапхана қорларын жаңарту көзделген. Белла Газдиева қазақстандық авторлардың түрлі этномәдени дәстүрлерге негізделген шығармаларын насихаттау және мемлекеттік тілдегі әдебиеттің аясын кеңейту мақсатында жыл сайын «Бір ел, көп хикая / Одна страна, множество историй» әдеби фестивалін өткізуді ұсынды. Ортақ мақсат пен форматтың ұқсастығын ескере отырып, комиссия мүшелері аталған үш әдеби бастаманы біріктіріп, ауқымды республикалық жоба ретінде жүзеге асыру туралы шешім қабылдады.
Өңірлердегі жұмысты жандандыруға бағытталған тәжірибелік құралдарды Руфина Усанова ұсынды. Алғашқы бастама азаматтардың өтініштері мен әлеуметтік желілердегі талдаулар негізінде әрбір облыс, қала және ауданда ең өзекті 10–20 мәселені қамтитын «Қоғамдық мәселелер мен бастамалардың өңірлік картасын» қалыптастыру. Онда әр мәселе бойынша жауапты мемлекеттік органдар, қабылданатын шаралар мен оларды орындау мерзімдері нақты белгіленеді. Бұл тәсіл жекелеген мәселелерге бір реттік жауап беруден жүйелі қоғамдық бақылауға көшуге мүмкіндік береді.
Екінші бастама – «Бірлік – нақты істе» жобасы. Оның аясында әрбір этномәдени бірлестік барлық тұрғындар үшін ашық, тұрақты түрде жүзеге асырылатын кемінде бір әлеуметтік маңызы бар жобаны қолға алуы көзделеді. Сонымен қатар, спикер Достық үйлері базасында «Цифрлық қамқорлық» атты цифрлық тәлімгерлер желісін құруды ұсынды. Жоба аясында еріктілер азаматтарға электрондық мемлекеттік қызметтерді, банк қосымшалары мен заманауи цифрлық платформаларды пайдалануды үйретіп, интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады.
Отырыс барысында мемлекеттік тілді өңірлерде ілгерілету мәселесіне де ерекше назар аударылды. Лугмар Буларов Жамбыл облысы Қордай ауданының тәжірибесі негізінде әзірленген «Этномәдени әралуандық жағдайындағы мемлекеттік тілдің рөлі» атты пилоттық жобаны таныстырды. Жоба өңірлерде қазақ тілін үйрену мүмкіндіктерін кеңейтуге, тілдік инфрақұрылымды дамытуға, ересектер мен жастарға арналған тұрақты курстар ұйымдастыруға, сондай-ақ білікті педагогтерді тартуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Ғылым мен денсаулық сақтау саласындағы бастамаларды жалғастыра отырып, Белла Газдиева Қазақстанда сөйлеу терапиясы мен клиникалық лингвистиканы дамыту жөнінде ұсыныс білдірді. Бастама бейінді мамандарды даярлау жүйесін жетілдіруді, кәсіби стандарттарды әзірлеуді, білім беру бағдарламаларын ашуды және жоғары оқу орындары жанынан клиникалық базалар құруды көздейді. Талқылау қорытындысы бойынша комиссия мүшелері аталған бастаманы мүдделі тараптар мен сарапшыларды тарта отырып, жан-жақты пысықтап, дайындалған ұсынымдарды тиісті мемлекеттік органдарға жолдау туралы шешім қабылдады.
Бірқатар бастамалар жастармен жұмыс істеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және экология мәселелеріне арналды. Юрий Тимощенко жастарға өмірлік тәжірибе мен тәлім-тәрбие беруді, ұрпақтар арасындағы тәлімгерлікті дамытуды және қоғамдық жауапкершілікті қалыптастыруды көздейтін «Ұрпақ өнегесі» жобасын таныстырды. Өз кезегінде Рафаил Гаджибалаев өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бастамаларды ұсынды. Олардың қатарында республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы «Жасыл мектеп: 500 ағаш – бірлік символы» экологиялық акциясы бар.
Виталий Хмелевский, Александра Цхай және басқа да отырысқа қатысушылар жастардың кәсіпкерлік ойлау қабілетін, қаржылық сауаттылығы мен кәсіби дағдыларын дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Олардың қатарында жас мамандардың бизнес өкілдерімен тікелей диалогын ұйымдастыру, сондай-ақ бірқатар мәдени және білім беру бастамалары бар.
Ұсынылған барлық жобалардың ортақ мақсаты – жалпыұлттық бірлікті нақты істер мен азаматтардың бірлескен жұмысы арқылы нығайту. Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері әлеуметтік маңыздылығы мен практикалық тұрғыдан жүзеге асырылу мүмкіндігін ескере отырып, перспективалы бастамаларды іріктеп алды.
Кездесу барысында атап өтілгендей, іріктелген ұсыныстарды одан әрі пысықтап, іске асыру мақсатында Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік комитетінің қарауына енгізу жоспарланып отыр.
Бұған дейін Қазақстан Халық Кеңесінде білім беру, ғылым және адами капиталды дамытуға қатысты 66 бастама қаралғанын жаздық.