Ғалымдардың жалақысын көтеру, буллингпен күрес, SmartCity: Халық Кеңесінде 66 бастама қаралды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Халық Кеңесінде білім беру, ғылым және адами капиталды дамытуға қатысты 66 бастама қаралды. Ұсыныстар арасында ғалымдардың еңбекақысын арттыру, лудоманиямен күресу, мектептерде буллингтің алдын алу және Ақмола облысында SmartCity жобасын іске қосу бар. 

Ғалымдардың жалақысын көтеру, буллингпен күрес, SmartCity: Халық Кеңесінде 66 бастама қаралды
Фото: Халық кеңесі

Қазақстан Халық Кеңесі Қоғамдық бастамаларды дамыту комитетінің төрағасы Вера Кимнің төрағалығымен Білім беру және адами капитал мәселелері жөніндегі салалық комиссияның отырысы өтті. Отырысқа қатысушылар білім беру жүйесін жетілдіру, отандық ғылымды дамыту, сұранысқа ие мамандар даярлау және елдің адами капиталын нығайту жөніндегі ұсыныстарды қарауға баса назар аударды.

Жалпы, аталған бағыт бойынша 66 бастама келіп түсті. Олар білім беру, кәсіптік даярлық, ғылыми қызмет және әлеуметтік қолдау мәселелерінің кең ауқымын қамтиды.

Отырыс барысында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері өзекті ұсыныстарды қарастырып, олардың практикалық маңыздылығы мен іске асырудың ықтимал тетіктерін талқылады.

Ғалымдардың жалақысын көтеру, буллингпен күрес, SmartCity: Халық Кеңесінде 66 бастама қаралды
Фото: Халық кеңесі

Талқылау барысында атап өтілгендей, мұндай тәсіл жұмысшы кадрлар тапшылығын азайтуға, жастар мен ересек тұрғындардың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыруға, сондай-ақ білікті мамандардың өңірлерде тұрақтап қалуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Халық Кеңесінің мүшесі Жандос Ақтаев екі бастама көтерді. Біріншіден, ол лудомания мәселесін тереңдете зерттеуді ұсынды. Оның айтуынша, бұл тәуелділіктің психологиялық портретін нақты қалыптастыруға және мемлекеттік органдарға ойынқұмарлықпен күресудің тиімді тетіктерін әзірлеуге мүмкіндік береді.

Екіншіден, ол Ақмола облысында SmartCity пилоттық жобасын іске қосуды ұсынды. Жобаның басты мақсаты – өңірдегі өзекті мәселелердің цифрлық атласын әзірлеу және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін қалалық ортаның эргономикасын жақсарту.

Ғалымдардың жалақысын көтеру, буллингпен күрес, SmartCity: Халық Кеңесінде 66 бастама қаралды
Фото: Халық кеңесі

Ғылым, инновациялар мен жасанды интеллектіні дамыту мәселелері Думан Орынбековтің бастамасында көрініс тапты. Ол ғылым саласын жетілдіру бойынша кешенді шаралар ұсынды. Олардың қатарында ғылымды қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту, ғылыми ұйымдардың тұрақты базалық қаржыландырылуын қамтамасыз ету, ғылыми нәтижелерді бағалау жүйесін жетілдіру және ғалымдардың еңбекақысын арттыру бар. Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің, шетелдегі қазақстандық ғалымдарды тартудың және ұлттық постдокторантура бағдарламасын іске қосудың маңыздылығы атап өтілді.

Талқылаудың жеке бір бөлігі адами капиталды дамытудағы отбасының рөліне арналды. Мұрат Әбенов білім сапасын арттыру және отбасы мен білім беру ұйымдары арасындағы өзара байланысты нығайту жөнінде бірқатар ұсыныс айтты. Атап айтқанда, балаларды тәрбиелеу мен оқыту мәселелерінде ата-аналарды қолдау жүйесін дамыту, отбасылық кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және цифрлық ортаны саналы түрде пайдалану мәселелері көтерілді. Қоғам қайраткері бұл міндеттерді әлеуметтік желілермен ықпалдастырылған жаңа «Кеңес ел» диалогтік платформасы арқылы жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Платформа арқылы азаматтар білім беру және адами капитал мәселелері бойынша өз идеялары мен ұсыныстарын жолдай алады.

Наталья Дементьева мектептердегі психологиялық қызметті дамыту және балалардың психикалық денсаулығын қорғау бағытындағы жобаларын таныстырды. Оның бастамалары мектеп психологтарын қолдауға, буллингтің алдын алуға және білім беру ұйымдарында дағдарыстық жағдайларды ерте анықтауға бағытталған.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар ұсынылған бастамаларды олардың практикалық маңыздылығы мен саланы дамытуға қосатын ықтимал үлесін ескере отырып, одан әрі пысықтаудың маңыздылығын атап өтті. Ұсыныстар жүйеленіп, одан әрі қарау үшін мүдделі мемлекеттік органдармен және бейінді ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуге жолданады.

Бұған дейін хабарланғандай Қазақстан Халық Кеңесінде азаматтық қатысу мен қоғамдық бақылауды дамыту жөніндегі бастамалар талқыланды.