«Осы өткен қаңтар айының соңында ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес, үш мектеп Мамандандырылған білім беру ұйымдарының желісіне енгізілді. Бұлар елімізге белгілі мектептер: Алматы маңындағы «Арыстан» мамандандырылған лицейі, Астана қаласы әкімдігінің №82 «Дарын» мамандандырылған лицейі және Атырау облысы білім басқармасының «Атырау облысының дарынды балаларға арналған Жылыой лицей-интернаты». Соңғысы - ауыл мектебі, ал бұл біз үшін өте қуанарлық жағдай. Алдағы наурыз айында осы мектепке баруды жоспарлап отырмыз. Біздің желі жылма-жыл болмаса да алдағы бес жыл ішінде тағы да басқа мектептермен толығады деген сенімдеміз. Өйткені, біздің қол жеткізген жетістіктеріміз аз емес», - деді өз сөзінде ҚР БҒМ «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының педагогикалық шеберлік зертханасының жетекшісі Айгүл Қарқұлова.
Ал пленарлық отырыста күн тәртібіне сәйкес, педагогика саласына қатысты өзекті мәселелерді талқылау көзделген.
«Кеңес отырысында 2016 жылға арналған жұмыс жоспарын талқылау және бекіту, Шығыс Қазақстан облысының «Дарын» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының қызметімен танысу, бейіндік оқыту бойынша оқу жоспарларын жобалау, бейіндік оқыту, рухани-адамгершілік тәрбие беру мәселелері талқыланады», - деді өз кезегінде ШҚО Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы облыстық дарында балаларға арналған үш тілде оқытатын мектептің директоры Алма Әубәкірова.
Сонымен қатар, бүгінгі кеңес отырысына жиналғандар Алматы қаласындағы Сұлтан-Ахмет Қожықов атындағы №39-шы мамандандырылған лицейдің педагогикалық іс-тәжірибесімен танысады.
Оқу-әдістемелік кеңестің кеңейтілген отырысына ҚР білім және ғылым министрлігінің сарапшылары, жоғары оқу орындарының ғалымдары, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының өкілдері, дарынды балалармен жұмыс жөніндегі аймақтық ғылыми-практикалық орталықтардың қызметкерлері, мамандандырылған білім беру ұйымдарының басшылары, яғни 42 мектептің директоры мен 38 мектеп директорларының оқу ісі бойынша орынбасарлары қатысуда.
Айта кетелік, бүгінгі таңда республикада «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығына қарасты 9 Дарынды балалармен жұмыс жөніндегі аймақтық ғылыми-практикалық орталық жұмыс істейді. Сондай-ақ, мамандандырылған білім беру ұйымдары желісіне енген мектептердің саны - 124-ке жетті.
Екі күнге жоспарланған оқу-әдістемелік кеңестің отырысы одан әрі жалғасуда.